“Сергек” “штрафсалғышы” Алматының Сайын, Рысқұлов және Момышұлында орнатылады

Камералар сынақ мерзімінде жарты миллиондай жол ережесін бұзу фактісін тіркеген. Жүргізушілер көбінесе жылдамдықты арттырады және автобус жолағына шығып алады екен.

Алматыда “Сергек” камералары Сайын, Рысқұлов және Момышұлы көшелерінде орнатылады, деп хабарлайды Zakon.kz Kolesa.kz сайтына сілтеме жасап.

“Сергек” оңтүстік астанада 2018 жылдың қыркүйегінде пайда болған. Осы уақытқа дейін олар сынақ жүзінде жұмыс істеп, бір жылға жетер-жетпес уақытта 540 мың ереже бұзу фактісін тіркеген.

19 сәуірде ол камералар шындап іске кірісіп, қазір жылдамдықты артыру, қызылға өту, стоп-линиядан асу және автобус жолағымен жүру сияқты ереже бұзушылықтарды “аңдып” тұр.

Жобаны жүзеге асыратын “Көркем Телеком” ЖШС-і атап өткендей, Алматыда жол апаты жиі болатын учаскелер ретінде әль-Фараби даңғылы, Сайын көшесі, Рысқұлов даңғылы және Момышұлы көшелері танылды. Соған байланысты жыл соңына дейін сол көшелерге қосымша камералар орнату жөнінде шешім қабылданған.

Қазір Алматыда “Сергек” камералары мына жерлерде орнатылған:

— 2 камера Алматы-2 вокзалында — вокзал алдындағы алаң, “Алтын Тараз” сауда үйінің орталық есігінің солтүстік-шығысында;

— 4 камера Абай даңғылында —Абай мен Сейфуллин даңғылдарының қиылысында батыс бағытта, Абай – Розыбакиевте шығыс бағытта;

— 6 камера әл-Фараби даңғылында —Esentai Mall жанында; Бальзак көшесіндегі көпір астында; Interfood-тың қарсы бетінде батыс бағытта;

— 15 камера BRT жолақтарында;

— 27 камера Панфилов көшесінде жалпы бейнебақылау жүргізеді.