Шүкеев көкөністі арзандатуға уәде берді – Нарық

Премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шүкеев көтерме орталықтары арқылы көкөніс бағасын төмендетуге уәде берді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

“Шымкентте маусымында сәбіз бағасы (бір келі) 43 теңге болады. Астанаға жеткенше – 150 теңге болады. Үш есе қымбаттайды, себебі арасында делдалдар көп. Сіз бізге ірі қалаларда көтерме-таратушы орталықтар желісін дамытуды тапсырған едіңіз. Бұл бағытта Қарағанды облысы жақсы жұмыс істеп жатыр. Наурызда көтерме-таратушы орталықты 72 мың шаршы метрге жеткіземіз. КТО бірден үш делдалды қысқартады: сатып алушы, көтерме сатып алушы және ұсақ көтерме сатып алушы. Сол кезде ірі қалаларда баға түсетін болады”, – деді Шүкеев үкіметтің кеңейтілген отырысында. 

 Президент осы бағытта белсенді жұмыс атқаруды тапсырды. 

“Егер сіздер егін уақытында қажетті алаңды дайындайтын болсаңыздар, қыстың кезінде де тұрақты бағамен сатуға мүмкіндік аласыздар”, – деді Назарбаев. 

Өмірзақ Шүкеев осындай орталықты Астанада құру жоспары барын айтты. 

Дереккөз: kaz.tengrinews.kz