Шымкент тұрғыны Киев әуежайында қыз баланы құтқарғаны үшін марапатталды – Ел жаңалықтары

Киев әуежайында қыз баланы құтқарған Ұлттық гвардия сарбазы марапатталды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Қазақстан ҰГ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 


Сурет Ұлттық гвардия баспасөз қызметінен

Ұлттық гвардия 6506 әскери бөлімінің командирі Қайрат Үмбетов “Оңтүстік” өңірлік басқарудың Ардагерлер кеңесінің атынан сержант Алексей Кудиенкоға “Бауыржан Момышұлы Батыр шапағаты” медалін табыстады. Оны марапаттау кезінде Қайрат Үмбетов Алексейдің шын мәнінде ерлік танытып, дереу әрекет етуіне байланысты адамдар өмірін алып қалу мүмкін болғанын атап өтті. 

“Еңбек демалысында жүрген сержант Кудиенко Отанын қорғаушыға қойылатын міндеттердің бірін, яғни ерлік танытты. Басқару және әскери бөлімшедегі жеке құрам оның әрекетін жоғары бағалайды. Біз онымен мақтанамыз. Соны мысал етіп, болашақ жауынгерлерді тәрбиелейтін боламыз”, – деді Үмбетов. 

Айта кетейік, қазақстандық азамат Киев әуежайында тамағына белгісіз зат тұрып қалған кішкентай қыздың өмірін аман алып қалды. Сонымен қатар, ол ұшақта отырып, есінен танып қалған қызға көмектесіп, ес жиғызды. 

Сержант Алексей Кудиенко 2006 жылдан бері Ұлттық гвардияда қызмет етіп келеді. Үйленген, екі бала тәрбиелеп отыр.



[ad_2]

Дереккөз: kaz.tengrinews.kz