Су елге қауіп төндіруде

Өзбекстандағы Сардоба су қоймасындағы бөгет бұзылып, телегей-теңіз су жан-жағындағы елді мекендер мен егістік жерлерді шайып кетіпті. Қазір жөңкіліп жатқан топан суды Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы артық су айдайтын терең, кең арнаға (сброс) бұрған, ол канал Айдаркөлге құяды. Қауіп өзбек елімен шекаралас қазақ ауылдарына да (Мақтаарал ауданы) төніп жатыр.
“Еңбекші ауылдық округіне қарасты Жаңа тұрмыс елді мекені, Жаңа жол ауылдық округіне қарасты Жеңіс, Нұрлы жол елді мекендеріне су басу қаупі туындап, тұрғындарды қауіпсіз жерге эвакуциялау үшін аудан орталығы Мырзакент кентінде орналасқан “Мырзакент” мектеп гимназиясында 600 орын, “С.Рахымов” атындағы жалпы орта мектебінде 700 орын, “Пушкин” атындағы жалпы орта мектебінде 400 орын, “Абылайхан” атындағы жалпы орта мектебінде 500 орын дайындалды (барлығы 2200 орын).
Мақтаарал ауданының әкімі, аудандық төтенше жағдай штабының төрағасы Бақыт Асанов төрағалығымен 2-мамыр күні түнгі 00:00-де штаб мүшелерімен арнайы жиын өтіп, төтенше жағдай жариялауға тапсырма берілді. Қазіргі таңда Жаңажол ауылдық округіне қарасты Жеңіс елді мекенінің тұрғындарын (1922 тұрғын) қауіпсіз жерге жаппай көшіру жүргізілуде. Айта кетейік, жоғарыда аталған 3 елді мекеннен басқа кенттер мен елді мекендерге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ…” деп хабарлапты Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Мақтаарал жұрты бүгін ұйқы көрген жоқ. Ағайындар әлі де алаңдаулы. Алла өзі сақтасын дейміз.