Теміржол билеттерін қайта сататын делдалдар жазаланады

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (ИИДМ) билетсіз жолаушыларды алып жүруге және билеттерді сату тәртібін бұзуға жол бермеу мәселелерінде принципті ұстанымға ие болады және билеттерді заңсыз сатқаны үшін тұлғалардың жауапкершілігін қатаңдату үшін заңдарға түзетулер енгізуді ұсынбақ, деп хабарлайды Zakon.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта, билеттерді заңсыз қайта сату “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” кодекстің 449-бабындағы “қоғамдық орындарда ұстау” бойынша ғана әкімшілік жауапкершілікті көздейді. Басқа жауапкершілік әзірше жоқ.

ҚР ИИДМ тұрақты негізде қазақстандық тасымалдаушыларға жолаушылар вагондары паркін жаңарту үшін жағдай жасауда. Бұдан басқа, тасымалдаушылар жыл сайын жазғы кезеңде негізгі бағыттар бойынша қосымша поездар санын қосады. Сонымен қатар, жолаушылар ағымының ұлғаюына байланысты негізгі бағыттар бойынша билеттердің жасанды тапшылығы байқалады, бұл ретте оларды сату бойынша заңсыз делдалдар жандана түседі.

Билеттердің заңсыз сатылуына тосқауыл қою үшін осы жылдың наурыз айында ҚР ИИДМ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Агенттігі және “ҚТЖ” ҰК” АҚ арасында теміржол тасымалдауы саласында тұрмыстық сыбайлас жемқорлық мәселелерін болдырмау көзделген жол картасына қол қойылды.

Осы құжатқа сәйкес, “ҚТЖ “ҰК” АҚ билеттерді сату және жолаушыларды поезға отырғызу кезінде заңсыз іс-қимылдар жасауды бақылау және шектеу әдістерін қарастыра отырып, билет сататын “Mobius” жүйесін жетілдіру қажет деп тапты. Алайда, билеттерді заңсыз сату фактілері жалғасуда.

Сонымен, 28 шілде күні ҚР ИИДМ Көлік комитеті қоғамдық ұйымдармен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп өткізген рейдтер кезінде, Шымкент, Алматы, Нұр-сұлтан, Атырау және Тараз қалаларының вокзалдарында билеттерді жоғары бағамен ұсынатын, сондай-ақ билетсіз қажетті пойызға отырғызуға уәде берген “делдалдардың” болған фактілері анықталды. Алты адам ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы “қоғамдық орындарда ұстау” бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Анықталған фактілер бойынша, министрлік “ҚТЖ” ҰК “АҚ” Жолаушылар тасымалы” АҚ мен Магистральдық желі дирекциясының лауазымды тұлғаларына қатысты шаралар қабылдау қажеттігін, сондай-ақ билеттерді заңсыз сатуға қатысқан жеке билет кассаларымен шартты бұзу қажеттігін атап өтті.