Tengri Bank-тің экс-менеджерлері 5,4 миллиард теңге жымқырды деген күдікке ілінді

Tengri Bank-тің экс-менеджерлері 5,4 миллиард теңге жымқырды деген күдікке ілінді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ведомствоаралық жедел-тергеу тобы Қаржы комитеті Экономикалық тергеу қызметінің басшылығымен Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша (“Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу”) Tengri Bank АҚ экс-менеджерлеріне қатысты банктің 5,4 миллиард теңгеден асатын қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

“9 қарашада Алматы қаласының тергеу соты Б.А.Ілиясовқа, А.У. Жадықовқа, Н. М. Жылқыбаеваға қатысты 2 айға дейін қамауда ұстау түріндегі бұлтарпау шарасын таңдады.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жарияланбайды”, – делінген хабарламада.

Еске салайық, мұның алдында Tengri Bank-тің бұрынғы менеджерлері ұсталғаны хабарланған болатын.

Ал қыркүйекте Tengri Bank лицензиясынан айырылған болатын. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Tengri Bank-тің қаржы жағдайы нашарлағанын айтқан еді.