Тоқаев Арыстағы әскери қойманы көшіру жұмыстарын тезірек аяқтауды тапсырды

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті.

Жиында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеев Арыстағы қазіргі жағдай жайлы есеп берді.

Мемлекет басшысы Арысты қалпына келтіруге қолдау көрсеткен қазақстандықтарға ризашылығын білдірді.

“Арыс керемет қала болып шығады деп сенемін. Қазіргі таңда Арыс қаласындағы күрделі жағдай біз үшін ең өзекті болып тұр. Әскери қоймада болған жарылыс салдарын түпкілікті жою – қазіргі ең керек мәселе. Менің тапсырмам бойынша Үкімет тиісті қаражатты бөлді. Егер шешілмеген мәселелер болса, бізге айтыңыз. Тиісті шешімдерді қабылдаймыз. Уақыт өте тығыз. Премьер-министрге және әкімдерге осы мәселені қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын. Қорғаныс министрлігі әскери қойманы көшіру жұмыстарын бастады. Бұл жұмысты ұзаққа созбай, қысқа мерзім ішінде аяқтау қажет”, – деп тапсырды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған қоса, президент Арыстағы жарылысқа кінәлі адамдар тиісті жазасын алуы тиіс деді.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Үкіметтің кеңейтілген отырысында баяндама жасаған ҚР қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қазіргі уақытта өзі басқарып отырған ведомствоның және Арыс қаласындағы әскери жарылыстан кейінгі атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Осы орайда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрлан Ермекбаевқа қатаң сөгіс жариялады.

Мемлекет басшысының қатаң сөгіс жариялағанын естіген қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев бірден «Есть!» деп орнынан тұрды.

Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ

BAQ.KZ