Уханнан оралған қазақстандық студент эвакуация жайлы айтып берді

Көп бейінді аурухананың инфекциялық бөліміндегі бөлмелер бір-бірінен оқшауланған. Сондықтан онда жатқызылған Уханнан келген студенттер бір-бірін көре де алмайды, деп хабарлайды zakon.kz.

Нұр-Сұлтандағы көп бейінді медициналық орталығының Инфекциялық бөлімі директорының орынбасары Сәуле Атығаева карантинге жатқызылған адамдардың жағдайы туралы айтты.

– Бүгін таңертеңгі жағдай бойынша науқастардың денсаулығы қанағаттанарлық деңгейде. Олар тарапынан қатты бір шағымдар жоқ, улану немесе тыныс тарылуы белгілері жоқ, денелерінің қызуы қалыпты. Олар бүкіл инкубация кезеңінде дәрігерлердің қатаң бақылауында болады, – дейді ол.

Науқастардың бірі тілшілермен телефон арқылы сөйлесуге келісті. Айтпақшы, ұялы телефонмен қатар басқа заттар да науқастардан зарарсыздандыру үшін алынып қойылған, сондықтан оларға аурухананың қалалық телефоны арқылы байланысуға болады.

– 2016 жылдан бастап Ухань қаласында (ҚХР) оқимын. 22 қаңтарда қалада карантин жарияланған кезде, біз 100-ден астам адам болғанбыз. Мен және тағы екі студент эвакуацияны үйлестіруге көмектестік. Біз эвакуация жоспарын бір апта бойына жасадық, өйткені жағдайдан нақты қанық болмадық. Соңғы сәтке дейін Қытай басқа елдерген әуе кеңістігін пайдалануға рұқсат бермеді, – деді Уханнан келген қазақстандық студент.

Ол осы ауруханада жатқан адамдардың туыстарына алаңдауға негіз жоқ екенін, мұндағылардың барлығының жағдайы жақсы екенін айтты.

“Ұзақ уақыт Қытайда болған қыз-жігіттер мұндағы нөмірді телефондарына тіркеуге уақыты болмай жатыр, сондықтан да Қазақстанға келгенде олардың нөмірлері сөндірулі. Олардың ата-аналары балаларының Қазақстанға эвакуацияланғанын жақсы біледі, бірақ кім, қай палата жатқаны туралы біз білмейміз. Өйткені бәріміз оқшауланған бөлек-бөлек палатадамыз”, – дейді студент.

Сөз соңында ол өздеріне қолдау көрсеткен отандастарына алғысын білдірді.

Дәрігерлер Уханнан оралғандардың ешқайсысынан коронавирус тіркемегенін, сонда да сақтық шарасы тұрғысында оларды 14 күнге каратинге жабу туралы шешім қабылдағанын айта кетелік.