Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне карантинді жою жоспарын ұсынуды тапсырды

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Денсаулық сақтау министрлігіне карантиндік шараларды кезең-кезеңмен жою жоспарын Мемлекеттік комиссияның қарауына ұсынуды тапсырды, деп хабарлайды zakon.kz.

Денсаулық сақтау министрі А.Цой 10 күн ішінде Қазақстанда коронавирус инфекциясының репродуктивтілігінің орташа көрсеткіші 0,92-ден 0,82-ге дейін төмендегенін баяндады. Сауығып шыққан адамдардың үлесі 73,6%-ды құрайды, қалғандары қажетті ем алып жатыр. Төсек орындарының жүктемесі 61%-ға, жедел жәрдем шақыру көлемі 62%-ға (3 232-ден 1 232-ге дейін) төмендеді.

“Жалпы алғанда, еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Нәтижелер қабылданған шаралардың тиімділігін көрсетіп жатыр. Қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігіне карантиндік шараларды кезең-кезеңмен жою жоспарын бейсенбі күні мемлекеттік комиссияның қарауына ұсынуды тапсырамын, деді Асқар Мамин үкімет отырысында.