Ұлттық экономика министрі отставкаға кетуге өтініш жазуы мүмкін

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов өз еркімен отставкаға кетуге мүмкін, деп хабарлайды Zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Оның мұндай шешім қабылдауына министрлікке қарасты департамент директорының 500 мың теңге парамен ұсталып, артынан сотталуы себеп болмақ. Министр бірінші басшы қарамағындағы қызметкерінің әрекетіне жауап беруі орынды деп санайды.

Ұлттық экономика министрі Сенатқа көтеріңкі көңіл-күймен келді. Арқа-жарқа амандасып, асықпай баяндамасын да жасаған. Бірақ оны қоластындағы қызметкері Асланбек Жақыповтың жемқорлық дауымен сотталғаны жайлы сұрақ тығырыққа тірегендей. Дегенмен есін тез жиған Дәленов отставкаға өтініш беруге дайынмын деп батыл мәлімдеме жасады.

Руслан Дәленов, Ұлттық экономика министрі:

– Мен әрине отставкаға беремін. Сот үкіміне күшіне енсе, мен отставкаға кетемін.

Министрді ұятқа қалдырған кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры. 31 жастағы Асланбек Жақыпов сәуір айында 500 мың теңге парамен ұсталған. Осы осы ақша үшін экономикалық зерттеу институындағы танысына мемлекеттік тендерді ұтып беруге уәде етіпті. Кейін күтпеген жерден пара алу дерегі алаяқтық бабына ауыстырылған. Жас шенеуніктің кінәсін толық мойындауы себепті сот отырысы да бірнеше сағаттың ішінде аяқталды. Ал өзін камераға түсірмеуді талап еткен Жақыпов іс айыппұл салумен бітер деп ойлаған. Алайда судья оның орны түрме деп шешті.

Ботагөз Баянова, Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз хатшысы:

– Нұр-Сұлтан қаласының №2-ші сотының Есіл аудандық сотының үкімімен Асланбек Жақыпов алаяқтық жасау фактісімен кінәлі деп табылып, оған 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, сот үкімімен Асланбек Жақыпов өмір бойына мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды.

Қарапайым маманнан басшылық қызметке дейін жеткен жас шенеуніктің мансап жолына, осылайша, балта шабылды. Жақыпов он жылға жуық Ұлттық экономика министрлігінде қызмет еткен. Тек соңғы жылы бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасайтын, бақылау жүргізетін департаментті басқарды.

Ал қарамағындағы қызметкердің қолымен істегенін мойныммен көтеремін деген Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов үкім күшіне енсе, алдымен мемлекет басшысының атына өз еркімен қызметтен кету жайлы өтініш жазуы тиіс. Бірақ оны отставкаға жіберу-жібермеуді Президент шешеді. Оның үстіне сот залында қолын кісен салынып 3 жылға сотталған Асланбек Жақыповтың үкімге аппеляциялық шағым түсіруге қақы бар.