Зайсан ауданында дүрбелеңнен соң жаңа әкім тағайындалды

Өткен аптада коронавирусқа байланысты тұрғындары өз алаңдаушылықтарын білдірген Зайсан ауданына бүгін жаңа әкім таныстырылды, деп хабарлайды tazael.kz Егемен Қазақстан басылымына сілтеме жасап.

Естеріңізге сала кетейік, 19 ақпанда Зайсан ауданының Сарытерек және Айнабұлақ ауылдарының тұрғындары “Қытайдан келгендерді коронавирусқа байланысты осы елді мекендердегі медициналық пункттерге орналастырады” деген анық-қанығы белгісіз хабарды бір-бірінен естіп, бұған өз наразылықтарын білдірген болатын.

20 ақпанда облыс әкімі Даниал Ахметов арнайы барып, мәселені жан-жақты түсіндіргеннен кейін ғана жергілікті халық сабасына түскен-ді.

Сол кезде тұрғындар облыс әкіміне: “Кеше аудан әкімін сағат 3-тен бастап күттік. Түнгі сағат 11 жарымда келді. Жергілікті билік халықпен санаспайды” деп аудан басшылығының жұмысына көңілі толмайтындықтарын жеткізген еді. Бүгін, міне Д.Ахметов Зайсан жұртшылығына осы ауданды бұған дейін бір мәрте басқарған Серік Зайнулдинді таныстырды. Ол бұған дейін Үржар ауданында әкім болған.

“10 күннен кейін Зайсанға тағы да келемін. Шекаралық аймақтағы 5 ауданға 207 миллиард теңге қаражат бөлеміз. Оның ішінде Зайсан да бар”, – деді Ахметов аудан әкімін таныстырған жиында.