Жеңілмеген қазақстандық файтер M-1 Global белбеуін иеленді – Спорт

Аралас жекпе-жекте Қазақстан атынан өнер көрсетіп жүрген Шавкат Рахмонов жартылай орта салмақта M-1 Challenge чемпионы атағын жеңіп алды, – деп хабарлайды Vesti.kz.

Чемпиондық атаққа талас Алматы қаласында халықаралық M-1 Challenge 101 турнирі аясында өтті. Қазақстандықтың қарсыласы – ресейлік спортшы Данила Приказа болды. 

Рахмонов екінші раундта қарсыласын нокаутқа түсірді. Осылайша, қазақстандық файтер 11 кездесу өткізіп, барлығында да жеңіске жетті. 

Осы турнирде тағы төрт қазақстандық спортшы өнер көрсетті. Абылайхан Қадыржан (жеңіл салмақ) 52 секундта грузин файтері Бено Адамияны тізе бүктірді, ал Асу Алмабаев (аса жеңіл салмақ) француздық Пьер Люде есімді жеңілмеген спортшыны екінші раундта қылғындыру әдісі арқылы жеңді. Азамат Бақытов (жеңіл салмақ) төрешілер шешімімен ресейлік Борис Медведевті жеңді. 

Шоудың негізгі кардында Арман Әшімов бразилиялық Кайка Аленкарды төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді. Осы күнге дейін үш рет жеңіліп, бір рет тең түскен Әшімов 10-шы жеңісіне қол жеткізді. Тоғыз жекпе-жек өткізіп, жеңіліп көрмеген бразилиялық бірінші рет тізе бүкті. 



[ad_2]

Дереккөз: kaz.tengrinews.kz