Жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге 1 мың отбасы қоныс аударды

2020 жылдың 7 айында еліміздің жұмыс күші жетіспейтін өңірлеріне 1 мың отбасын қоныс аударды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Серік Шапкенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Кейбір өңірде жұмыс күші жеткілікті, тіпті артық деп айтуға болады. Ал кейбір өңірде жетіспейді. Осыған орай «Еңбек« бағдарламасына өзгеріс енгізілген еді. Нәтижесінде осы жылдың 7 айында 1 мың отбасы еңбек күші жеткілікті өңірден еңбек күші жетіспейтін өңірлерге қоныс аударды. Аталған отбасылардың 1 939 мүшесі жұмыс істеуге қабілетті болса, соның қазіргі уақытта 1 420-сы жұмыспен қамтамасыз етілді», – деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. Оның атап өтуінше, қоныс аударған отбасыларға 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қолдау көрсетіледі. Мұнан бөлек 1 жыл бойы жалдап тұратын баспана шығындары мен коммуналдық төлемдеріне субсидия беріледі. Субсидия көлемі 15-тен 30 АЕК-ке дейін.