Естілерге арналған эстафета!!!

Күнтізбе ауысар тұста қала көк түтінге көміледі. Анда – тарс-тұрс! Мында – бырс-бырс! Қолынан келмегендер келгендердің ісіне қарап, мәз болады. Қан қызып, даңғойлық атқылап тұр ғой, тұла-бойды. Жарады-ау келіп, содан соң жарақтарын. Балақтарын күл шалмаса да, бармақтарын отқа ә, ия оққа бергендер қатары толыға түсетін кез бұл. Сенбесеңіз, желтоқсан айының отыз бірінші түнінен қаңтардың бірінде атқан таңға дейін ауруханаларды аралаңызшы. Кісі қорқатын, жүрек сескенетін көріністен көз сүрінеді… Алла сақтасын!

Сақтанудың реті де келіп тұр. Анау, пиротехника деген бәлені үйіңізге жолатпаңыз, тіпті сатып алмаңыз. Ақшаны үнемдеп қана қоймайсыз… Денсаулығыңыздың демеушісі атанасыз! Қоғамға пайда әкелесіз! Заңсыз саудаға күйрете соққы бересіз! Қалаңызды көк түтіннен қорғап қаласыз! Тыныс алу жолдары зақымданғандардан сауап жинайсыз! Экологтардың досына айналасыз! Қауіп-қатердің алдын аласыз! Сол күні балаңызбен немесе әлдебір танысыңызбен аурухана есігін тоздыру мүмкіндігін мейілінше төмендетесіз! Ұрпағыңыз әлде туыс-туысқандарыңыздың көзсіз қалуына, бармағының жұлынуына, күйікке шалынуына тосқауыл боласыз!

Құдай-ау, сонша сүйкімді іске апаратын жол жатыр ғой, әне! Ешқандай от шашу дейсіз бе, пиротехника дейсіз шығыстан ағылып жатқан анау бір бәлеге жоламау! Оны сатып алмаңыз! Сатып алғандардың сыйлауына да жол бермеңіз! Сонда сіз есті кісі санатындасыз! Өзіңіз түсініңіз, өзгеге айтыңыз. Эстафетаның естісі – ОСЫ!

 

Аман  Сейітхан