КЕДЕНДЕ КЕДЕРГІ ҚАЛАЙ ЖОЙЫЛДЫ?

314

Немесе жеті айдың ішінде әр кеденші мемлекетке бір миллиард теңгеден пайда келтіргені туралы

Бүгінгі күні кеден органдарының алдына қойылып отырған міндеттер жетерлік. Соның негізгілерінің бірі – кедендік төлемдерді мол өндіру арқылы республикалық бюджеттің кіріс бөлігін толтыру, контрабандалық әрекеттерге тосқауыл қою  және сыртқы экономикалық қызметпен айналысушыларға барынша жағдай жасау болып табылады. Сондықтан да қазіргі уақытта кеден саласында өркениет талабына сай көптеген оң өзгерістер орын алып, ақпараттық технологиялар негізінде электрондық декаларациялау жұмысы өз жемісін беруде. Бұл айтқанымызға сыртқы экономикалық қызметпен айналысушылар үшін кедендік тексеру мен ресімдеу механизмдері түгелдей халықаралық стандарттарға негізделген форматқа көшкені дәлел.

Мысалы, қазіргі уақытта көп адамдар кеденшілердің жұмысын шекарадан өткен тауарлар мен көлік құралдарын қолмен тексеріп, шлагбаумды ашып-жауып тұрумен елестетері түсінікті. Бұл әрине, өткен күндердің еншісінде қалған ескі тәсіл екенін біреу білсе, біреу білмейді.  Атап айтсақ, кеден саласының жұмыс процесі 2017 жылдың сәуірінен бастап  «Астана-1» ақпараттық жүйесі негізінде электрондық декларациялау арқылы тәуекел бейімінің басқаруымен жұмыс істейді. Тәуекел бейімі «Цифрлы Қазақстан» және Дүниежүзілік Сауда ұйымы мен Дүниежүзілік Кеден ұйымының талаптары төңірегінде автоматты түрде басқару тәсіліне негізделген бағдарлама болып табылады. Сонымен қатар кедендік тексерудің техникалық құралдары да автоматты басқару жүйесіне негізделген. Яғни, бұрынғы кездегідей кеден қызметкері өз бетінше тексеріп, тауарларды негізсіз тоқтатып қоюға құқылы емес. Яғни, кедендік тексеру жұмыстары инспекциялық тексеру кешені арқылы «күдікті» деп танылған жағдайда, қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті ахуалды басқару орталығының нұсқауы бойынша және тәуекел бейімінің автоматты түрде көрсеткен белгісіне байланысты ғана жүзеге асырылады. Кеден қызметкері тәуекел бейімі көрсеткен шеңберден және инспекциялық тексеру кешені анықтаған жағдайдан тыс өз бетінше әрекет жасауға құқылы емес. Сонымен қатар кедендік ресімдеу мен тексерудің белгіленген техникалық регламенттерінен аса алмайды. Және де Қазақстан аумағына келген және кеткен әр көлік электрондық өткізу пункті арқылы тіркеуден өтеді. Ал енді электрондық өткізу пунктінен өткен автокөліктер туралы мәліметті өшіріп тастау мүмкін емес. Себебі ол бірден автоматты түрде орталыққа беріліп, серверде жазылып қалады. Және де электронды өткізу пунктінде көлік құралының қай уақытта кіріп, қай уақытта шыққанына дейін тіркеліп тұрады. Сондықтан да осыдан 25-30 жыл бұрынғы тауарларды тіркемей, контрабандалық жолмен өткізу жағдайлары келмеске кеткенін білген жөн.

Сонымен қатар инспекциялық тексеру кешені (ИТК) сканерлік жүйе арқылы 50-60 контейнерден тұратын бір составты бірақ минуттың ішінде тексеруден өткізе алады. Соның ішінде «күдікті» деп танылған көлік құралдары ғана кедендік тексеріске алынады. Кедендік тексерудің бұндай озық үлгідегі құралдары ТМД шеңберіндегі елдер ғана емес, Европаның кейбір мемлекеттерінің өзінде жоқ. Сонымен қатар ИТК-да  ақпараттық технологияны жақсы білетін білікті мамандар қызмет етеді және олар дамыған елдерде жиі-жиі өндірістік тәжірибеден өтіп тұрады.  Атап айтсақ, үстіміздегі жылдың маусым айында кеден бекетінің бас мамандары  Бағлан Беков пен Аманжол Болатханов екеуі АҚШ-тың Мексикамен шекаралас Техас штатының Лоредо қаласында он күндік кәсіби білімін жетілдіру курстарынан өтіп келді. Сонымен қатар  үстіміздегі жылдың алты айының қорытындысы бойынша бас маманымыз Самат Көшербаевтың жұмыстағы жақсы жетістіктері үшін ата-анасына Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Д.Жаналіновтың «Алғыс хаты» табыс етілді. Бұл марапат Самат Көшербаевқа ИТК арқылы бірнеше миллиард теңгенің контрабандалық әрекеттерін әшкерелеген еңбегінің нәтижесі үшін берілді.

Осы орайда нспекциялық тексеру кешенінде жұмыс істейтін кеденші оператор сыртқы экономикалық қызметпен айналысушылардың вагонмен немесе контейнермен өтетін тауарларына  жөн-жосықсыз «күдікті» деп мөртаңба қоя алмайтынын айта кеткеніміз артық болмас.   Себебі, «күдікті» деп танылған көлік құралдарынан  кеден тәртібін бұзу фактісі дәлелденбеген жағдайда, кеден қызметкерінің тәртіптік жауапкершілік және атқарып отырған қызметіне лайықтылық мәселесі де назардан тыс қалмайды. Сондықтан да кеден қызметкері функционалдық міндеттерін орындау барысында сыртқы экономикалық қызметпен айналысушыларға еш негізсіз кедергі жасауға және сыбайлас жемқорлық фактілерінің орын алуына жол бере алмайды. Соның нәтижесінде үстіміздегі жылдың жеті айы ішінде «күдікті» деген негізде тексеруге түскен көлік құралдарының тоқсан пайызынан астамынан кеден тәртібін бұзу фактісі анықталды. Бұл халықаралық стандарттар бойынша  жақсы көрсеткіш болып есептеледі.

Бұған қоса кедендік шекарадағы барлық ресімдеу мен тексеру жағдайлары Астанадағы   мемлекеттік кірістер комитетінің бас диспетчерлік басқармасы ахуалды басқару орталығы арқылы қатаң бақылауда тұрады. Тауарларға кедендік тексеру жүргізуге өкілетті мамандардың әрбір әрекеті бейнежазба жетоны арқылы сол басқарманың бақылауынан тыс кетпейді. Аталмыш басқарма қызметкерлері кедендік тексеру ғана емес, кедендік ресімдеу кезінде тауардың кедендік құнының белгіленген мөлшерден төмендеп кетпеуіне де бақылау жасайды. Сондай-ақ кедендік тексеру шаралары түгелдей бейнежазбаға түсіріліп, сол түсірілім серверде үш жылға дейін сақталады. Егерде кеденшінің әрекетінде заңсыздық байқалса немесе сыртқы экономикалық қызметкерлер тарапынан шағым түсетін болса, сол бейнежазбаны қайта қарау арқылы барлық заңсыздықты  анықтауға болады.

Соның нәтижесінде үстіміздегі жылдың жеті айы ішінде кедендік тексеру кезінде 536 кеден тәртібін бұзу фактілері анықталып, нәтижесінде 238 миллион 360 мың теңгеден астам айыппұл өндірілді. Бұл айтқанымызға қоса тексерілген әр көлік құралынан қосымша өндірілген кедендік төлемдер мен салықтар орта есеппен 528 516 теңгені құрады. Бұған қоса өздерінің қызметтік міндеттеріне жауапкершілікпен қараған бас мамандарымыз  Нұрлан Есентаев кедендік тексеру барысында кеден тәртібін бұзудың 36 фактісін әшкерелеп, нәтижесінде 7 миллион теңгеден астам айыппұл,  Тәңірберген Нүкеев  кеден тәртібін бұзудың 50 фактісін әшкерелеп, нәтижесінде 7 миллион 210 500 теңге айыппұл өндірді.  Және де бас мамандарымыз Ермек Нүсіпов пен Дастан Әбілхайырдың кедендік тексеру кезінде импортталатын тауар декларациясында дұрыс мәлімделмеген деректерді әшкерелеу  арқылы қосымша 238 360 762 теңгенің кедендік төлемдері мен салықтарын өндірген еңбектерін де атап өткеніміз артық болмас.

Жалпы, кедендік тексеру мен рәсімдеу процестерінің  автоматты түрде жүзеге асырылуы ең бірінші адам факторының әсер етпеуіне оң ықпалын тигізіп отыр. Олай дейтініміз, қазіргі уақытта тиісті құжаттарды  ресімдеу шараларын декларанттар мен кеден өкілдері интернет жүйесі арқылы кеңседе немесе үйінде отырып-ақ  атқара береді. Бұрынғыдай алыстан ат терлетіп келу арқылы тауарларын шекарада тосып алып, сол жерде қағаз жүзінде ресімдеу деген жоқ. Егерде импортталатын немесе транзиттік процедура бойынша жөнелтілген тауардың мәлімделуі мен құжаттары барлық талаптарға сай келетін болса, кеденде ешқандай кедергі болмайды. Барлық мәліметтер алдын ала ақпараттар (предварительная информация) арқылы жіберіледі. Соның нәтижесінде тиісті тауарлар кедендік шекараға келген кезде барлық құжаттары ресімделіп тұрады. Ол үшін кез-келген сыртқы экономикалық қызметпен айналысушы субьект ақпараттық технологияны жетік білгені абзал. Сондықтан да кеден төңірегіндегі кереғар пікір тудыратын кейбір әңгімелерді  өткен күндердің сарқыншағы деп айтқанымыз дұрыс.

Ия, кеден қызметкерлерінің жұмысы кеден тәртібін бұзушыларды әшкерелеп, қылмыстық және әкімшілік-құқықтық жауапкершілікке тартумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар отандық өндірісшілердің мүддесі мен интеллектуальдық меншік иелерінің құқығын қорғау мәселелері де басты назарда.  Осы орайда ең негізгі мәселенің бірі – кедендік төлемдерді  өндіру арқылы еліміздің сыртқы экономикалық байланыстарын нығайтуға және экономикалық саясатты жақсартуға күш салу  болып табылады. Бұл мәселеде «Алтынкөл-жол» кеден бекетінде жеті айдың ішінде біршама жұмыстар атқарылды. Мысалы, импортталатын тауарлардың үлес салмағы 94 964 тоннаға (123 пайызға), тауардың декларациясының саны 7 601-ға өсіп ( 2022 жылы 4375), кедендік төлемдер мен салықтардан түскен қаражат мөлшері 85 миллиард 700 миллион теңгені құрады. Және де әр вагон мен контейнерден өндірілген кедендік төлемдер 6 миллион 391 мың теңгеге жетті.  Бұл цифрлар кеден бекетінде қызмет ететін әр қызметкер жеті ай ішінде ғана мемлекетке 1 миллиард теңгеден астам  кедендік төлемдер мен салықтар өткізгенін көрсетеді.

Енді оқырманға түсінікті болу үшін тәуекел бейімімен жұмыс істеу және электронды декаларациялау процесінің негізгі процедураларына тоқтала кетейік. Атап айтсақ,  электронды декларациялау арқылы кедендік шекарадан өтетін импортталатын тауарлар  төрт түрлі дәлізге (сары, жасыл, қызыл, көк) түседі. Мысалы, белгілі бір тауар иесінің «жасыл дәлізге» автоматты түрде түскен тауарлары кедендік шекарадан еш тексерусіз өтеді. Оны кеден қызметкері  себепсіз тоқтатуға құқылы емес. Осы орайда өткен жеті айдың ішінде кедендік шекарадан өткен импортты тауар көлемінің 57 пайызы «жасыл дәлізбен» өткенін айта кеткеніміз жөн шығар. Ал енді «қызыл дәлізге» түскен тауарлар толықтай кедендік тексеруге жатады. Өткен жеті айдың ішінде «қызыл дәлізге» түскен тауарлардың жалпы көлемі 10 пайызды ғана құрап отыр. Бұл дегеніңіз кеден бекеттерінде орын алып тұратын түрлі кедергілер  мен контрабандалық әрекеттердің  азайғанын және кедендік тексеру мен ресімдеудің барлық процестері халықаралық стандарттарға сай жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.

Қазіргі уақытта кеден саласына жүктелетін тағы бір жауапты міндеттің бірі – еліміздің транзиттік әлеуетін көтеру болып табылады. Бұл мәселе жөнінде еліміздің «2050 стратегиясында» транзиттік тауар айналымын он есеге арттыру туралы нақтылы міндеттер қойылды. Осы орайда «Алтынкөл-жол» кеден бекеті арқылы  ТМД, Европа, Оңтүстік Шығыс Азия, Орталық Азия, Батыс Европа, т.б. елдерге жөнелтілетін жүк көлемі де артып келеді. Оған дәлел ретінде аталған мерзімде транзиттік жүк көлемі 11 пайызға артқанын айтып өтуге болады. Мысалы, транзиттік тауар айналымының жалпы құны  жеті ай ішінде 14 миллиард доллардан асып, жалпы салмағы 3 011 481  (өткен мерзімде 2 712 478 тонна) тоннаны құрады.  Бұл әрине кеден органының инфрақұрылымы өркендеп, кедендік әкімшілендіру жұмыстарының жақсы жолға қойылғанының көрінісі.   Сонымен қатар  кеден жұмысының тексеруден гөрі сервистік қызметке бет бұрғанының және Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қытаймен шекарда орналасқан кеден бекеттерінің атына айтқан сынынан шыққан  қорытынды десек, қателеспейміз.

 

 

Бекен Нұрахметов,

Жетісу облысы бойынша мемлекеттік

 кірістер департаменті «Алтынкөл-жол»

 кеден бекеті басшысының орынбасары.