Шеттегі қазақтың жайын ойлайтын күн туды!

101

Иісі қазақтың тең  жарымы шет  елдерде  тұрып  жатыр. Нақтылайтын болсақ  шамамен 7 миллионның  үстінде. Мұның  біразы нәубет жылдары  амалсыздан  сыртқа  босып кеткендер. Ал  біразы  шекара  бөлісі кезінде тағдырдың  тәлейіне  көніп, өзге елге  қарап  кеткен  жерлерді  мекен  еткендер. Кезінде қандастарын  өз  елдеріне  шақырған  үш ел  болды.

Олар Израиль менАлмания  болса, үшіншісі Қазақстан еді. Тәуелсіздік алғаннан  бүгінге  дейін елімізге шеттен  1 миллион  100 мыңнан  астам қандастарымыз  оралды. Қазірде келіп  жатыр. Өкініштісі, өте аз  мөлшерде.  Неге  десеңіз олардың көшіп келуіне байланысты  бөлініп  жатқан квота  өте аз.  Мәселен былтыр  не  бәрі 20  мыңға  жуық  этникалық  қазақ  елге  оралды. Бұл  көп пе? Әрине,  жоқ! Егерде  шет елдерде 7 миллионның  үстінде  қандастарымыз  тұрады  деп  есептесек, жылына  20 мыңы  ғана елге  оралатын  болса,  есептей  беріңіз  барлық  қазақты көшіріп алу  үшін қанша уақыт керек екенін.Бұл  ойланатын  мәселе. Сондықтан квота бөлу  мәселесін қайта қарау керек. Тәуелсіздіктің  алғашқы  жылдарындағыдай кем дегенде  100 -150  мың адам келетіндей еткен  жөн-ау. Себебі қазіргідей әлемдік  геосаясат құбылып,   жер үшін соғыстар көбейген  тұста,  халық  санының көбейгені  бізге  керек. Өйткені  жеріміз  үлкен,  халықмыздың  саны  аз. Ел  қорғайтын,  жер  қорғайтын азаматтардың  саны  көбейсе,  ұтпасақ ұтылмаймыз. Сырттағы  диаспора  жөнінде заң  әлі жоқ. Осы  мәселеніде  қолға алатын кез келді.  «Байтақ»  партиясы  осы  диаспора  жөніндегі  заңды  жасауға  және  қабылдауға  өз  үлесін қосуға даяр. Бүгін қимылдамасақ  ертең  кеш  болады. Себеп  белгілі, Қытай, Өзбекстанда тб елдерде қазақ  мектептері  жабылуда. Тіпті 1 миллионның  үстінде  қазақ  отырған  Ресейде  қазақ мектебі  жоқ. Егерде сырттағы  қандастарды  неғұрлым жедел  өзімізге  шақырып алмасақ,  олар алдағы уақытта  ұлт  ретінде  жойылып кетері  хақ. Бұл енді  ел  болып  ойланатын  жағдай.

Азаматхан  Әміртай