Қазанның қақпағы – Қызылжар

288

Петропавлда болған оқиға қазақ қоғамын бейжай қалдырған жоқ. Қазақтың ашуы арнасынан асып төгіле жаздап тұр. Десек те, осы мәселелердің барлығы белгілі бір жүйемен, нақты жоспармен келе жатыр деп ойлаймын.

Осыдан он шақты жыл бұрынғы Украинада болған жағдай дәл сол күйінде, ешқандай өзгеріссіз Қазақстанда да қайталануда. Әлқиссасы – «заңсыз кеткен» жерлерден басталып, одан соңы – «ұлтшылдардан қорлық көріп отырған орыстілділерді қорғау» мәселесіне жалғасып, кейін президенттің аузынан шыққан «сыйға тартқан орыс территориясына» ұласып, кейін ішіміздегі бесінші колоннаның сепаратистік бағыттағы сан түрлі мәлімдемелері мен елді мекендерде жергілікті тұрғындардың белсенділерінің күшімен «жаңа үкіметтің» құрылуымен аяқталатын сценарийі кезең-кезеңімен жүзеге асып келе жатыр. Сондықтан оған таңғалудың да, ашу-ызаға булығудың да, сөзді шығын қылудың да қажеті жоқ. Келесі қадамның қандай болатынын да бәріміз біліп отырмыз. Менің ойымша, өткен жылғы алапат өрт пен қыстың ортасында бірнеше қаладағы жылу беру орталықтарының «бұзылып қалуы» да осы жоспардың аясында жүзеге асырылған іс-әрекет.

Бүгінгі әлеуметтік желі «Петропавлдағы сепаратистік топ кешірім сұрап құтылмақшы» деп шулап жатыр. Олардың сөздерін тағы бір тыңдап шығыңыздар, ешкім ешқандай кешірім сұраған жоқ! Керісінше, президентті қолдау, осы арандатуды соның жаулары жасады деген ойды тарату ғана бар. Меніңше, оларға берілген тапсырма да осы болатын.

«Қайтпек керек?» дейсің бе? Әрине, осы уақытқа дейін ұстанған саясатпен, «ештеңе болған жоқ», «бұл біздің жеті жарым мың шақырым шекарамыз бар көршіміз ғой» деп, отыра беруге де болады. Көзімізді жұмып, құлағымызды тығындап отыру – ең оңай жол. Екінші жол – Қазанның қақпағын жабуымыз керек. Тоқсаныншы жылдары жүйеге асыра алмай қалған Отарсыздандыру (Деколонизация) бағдарламасын қабылдап, советсіздендіру (десоветизация) жоспарына көшуіміз керек. Сонымен қатар ақпараттық соғысқа тосқауыл қойып, өз еліміздің азаматтарын Ресей идеологиясынан сақтаймыз десек, ақпараттық кеңістігімізді қорғау, Ресей ақпаратын шектеу мәселесін тез арада қолға алу шарт. Орыстілді аймақ саналатын алты облыстағы күштік құрылымның басшыларына мониторинг жүргізіп, керек болған жағдайда, отаншыл азаматтарды алып келу керек. Коллаборанттарға қарсы жаңа заң қабылдау қажет. Ұйымдасқан қауіпсіздік ұйымы шартынан шығып, түркі елдерінің ұйымдасқан қауіпсіздік шартын жасау туралы бастама көтеру керек. Ең бастысы, әскери дайындық, қорғаныс бағытына басты басымдылық беру шарт. Ол жердегі қазіргі басшылықты толықтай ауыстырып, жаңа адамдарды, жас патриоттарды алып келсе де, артықтық қылмайды.

Жоғарыдағы айтылған ұсыныстардың барлығы – биліктің міндеті. (Оны билік кеше жасауы керек болатын. Мен білетін билік болса, бұл мәселелерді олар ертең де жасамайтын сияқты…) Бір коментте «О, Парламент оянды!» деген сөйлемді көзім шалып қалды. Өкінішке қарай, жаңа парламенттің кейбір мүшелері әлеуметтік желіде өздерінің пікірлерін жариялап, сауал жолдаудан аса алмады. Депутаттардың міндеті – блогердің қызметін жасап, өздерінің қандай батыр екендіктерін көрсетіп, халыққа жақсы көріну емес. Олар тез арада, бірінші – ақпараттық кеңістігімізді Ресей идеологиясынан қорғайтын, екінші – коллаборанттар қарсы жазаны қатайтатын, үшінші – отарсыздандыру туралы, төртінші – советтік идеологияны, советтік белгілерді қоғамдық өмірден алып тастау туралы заңдарды қабылдау деп білемін. Парламенттің міндеті – қоғамға қажетті заңдарды қабылдау дегенді айтудан жалықпаймын. Олар бізге қажетті, осындай оқиғалардың алдын алатын заң жобаларын дайындап, тез арада қабылдаса, парламенттің оянғаны сол уақытта ғана көрінеді. Бірақ мен білетін Қазақстан парламенті (қазақ парламенті деп жазып қоя жаздап, қайта өзгерттім…) оған да бармайды.

Қазір кінәліні іздейтін кезең емес. Қазір нақты іс-қимылдарға көшетін заман. Бұғып, жарамсақтанып, не үндемей, не Ресейдің шашпауын көтеріп, аман қаламын деп ойламайық. Бұға бергенді не істейтінін тарих талай дәлелдеді.