1 қаңтардан бастап кедейлерге несие берілмейді

Соңғы жылдары қатты қарқын алған тұтынушылық несиенің өсімі баяулай түсті. Кепілсіз тұтынушылық несие сегментіндегі қарыздың өсімі 2017 жылы 31%, ал 2018 жылы 28% құрады. Ал биылғы жылдың 10 айында қамтамасыз етілмеген тұтынушылық несие портфелінің өсімі небары 8% құрады. Осы мерзім ішінде қазақстандықтардың орташа айлық жалақысы 16 процентке өсті, бұл кепілсіз несиелер бойынша берешектің өсіміне қарағанда екі есе өсім. Бұл туралы ҚР Ұлттық банк мәлім етті, деп хабарлайды /tazael.kz/

Жеке тұлғаларды несиелеу нарығының мөлшері бойынша Қазақстан қарыз деңгейі төмен елдер тобына кіреді. Тұтынушылық несие портфелінің жалпы ішкі өнімге қатынасы шамамен 9,2% құрайды. Ресейде бұл көрсеткіш – 14,3%, Польшада – шамамен 30%, Германияда – 40%, АҚШ-та – 85% астам.

Азаматтардың шамадан тыс несие алуының алдын алу және тұтынушылық несиелеудің оңтайлы өсу қарқынын қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық Банк реттеуші шараларды жүзеге асыруда.

3 шілдеде ҚР Президенті “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын, микроқаржы қызметін және салық салуды реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңға қол қойды, онда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап халыққа несие берумен айналысатын барлық заңды тұлғаларға қатысты реттеу мен қадағалау шараларын енгізу қарастырылған.

Осылайша, барлық несие беруші субъектілер реттелетін бір алаңда жұмыс істейді және қарыз алушыларды қорғау үшін қойылатын барлық талаптарды сақтайды. Мысалы, несие келісімінің талаптарын орындау, шекті пайыздық мөлшерлемеден ставканы асырмау, несиелік бюроларға ақпарат ұсыну қажеттілігі, қарыз ауыртпалығы коэффицентін сақтау және басқасы дегендей.

Сонымен бірге, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қарыз алушылардың борыштық жүктемесін есептеу тәсілдері өзгеріске ұшырайды. Мысалы, кірісі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға несие беруге тыйым салынды, сонымен қатар банктің өзіндік капиталына қатысты талаптар күшейтілді. Бұл талаптар банктердің қамтамасыз етілмеген қарыздар, әсіресе табысы аз азаматтар үшін кепілсіз несиені бермеуге мүдделі болуға итермелейді.

Сонымен қатар, заңнамалық актілерге 90 күн кешіктірілгеннен кейін жеке тұлғаларға барлық қамтамасыз етілмеген тұтынушылық қарыздар үшін тұрақсыздық айыбы мен алымдарды алуға тыйым салатын түзетулер әзірленді. Бұл қамтамасыз етілмеген тұтынушылық несие көлемінің өсуін шектейді.

Бұл түзетулер ҚР Парламенті Мәжілісі мақұлдаған “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымы, мемлекеттік басқару жүйесін және бюджеттер аралық қатынастарды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң жобасынаенгізілген.