2020 жылдан бастап МӘМС жүйесімен халықтың 94,5 пайызын қамту жоспарлануда – министр

Денсаулық сақтау министрлігінің болжамы бойынша дербес төлеушілердің саны шамамен 1 млн адамды құрайды.

«1 млн адамның ішінде 770 мың адам – өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар. Осыған байланысты, өңірлердің әкімдері 2019 жылдың 1 қазанына дейін өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдардың мәртебесін нақтылау, медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарына бекіту жөнінде қажетті шаралар қабылдауы қажет. Тегін медициналық көмектің және медициналық сақтандыру жүйесінің жаңа пакеттерін енгізу бірінші кезекте халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Бүгін заңнамамен жекелеген медициналық қызметтерді алу үшін азаматтардың  әлеуметтік тұрғыдан осал 8 санаты анықталды. Олар: балалар, жүкті әйелдер, көпбалалы аналар, зейнеткерлер және басқалар», – деді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, 2020 жылдан бастап медициналық сақтандыру жүйесін енгізу кезінде әлеуметтік тұрғыдан осал халықтың 15 санаты заңмен анықталған. Бұл адамдар (олардың саны шамамен 10,9 млн адам) мемлекет тарапынан сақтандырылады.

«Медициналық сақтандыру жүйесін енгізу шеңберінде бірқатар қызметтердің қолжетімділігі кеңейтіледі. Олардың санатына қымбат тұратын диагностикалық қызметтер бойынша қаржыландыру 3 есе өседі. Стоматологиялық қызметтерді қаржыландыру 2,3 есе ұлғаяды. Сақтандырылған тұлғалар үшін медициналық сақтандыру жүйесінің пакеті  медициналық көмектің қолжетімділігін айтарлықтай арттыруды көздейді. Атап айтқанда, консультациялық және диагностикалық көмекті қаржыландыру 3 есеге (80 млрд тг), оңалту және қалпына келтіру көмегін қаржыландыру 2,7 есеге (39 млрд тг) ұлғайтылатын болады», – деді ол.

inform.kz