2020 жылы оралман қабылдау квотасы қысқарды

Қазақстанда оралман қабылдаудың биылғы жылған арналған өңірлік квотасы бекітілді. Қазақстан үкіметінің қаулысына сәйкес, 2020 жылы 1378 адамға квота берілмек. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 653 адамға аз. Өткен жылы 2031 адамға квота бөлінген болатын.

“2020 жылы квота былайша бөлінді: Павлодар облысы бойынша – 500 адам, Қостанай облысы – 350, Ақмола облысы – 258, Шығыс Қазақстан облысы – 150 және Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 120” делінген Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігінің дүйсенбі, 27 қаңтардағы ақпаратында.

Қазақстанға келген оралмандарға қолдау ретінде субсидия бөлінеді. Тарихи Отанына көшіп келген отбасының әр мүшесіне 35 АЕК (84,2 мың теңге) мөлшерінде біржолғы төлем; тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерді төлеуге жұмсалған шығысты жабуға 12 ай ішінде отбасына 15-тен 30-ға дейінгі көлемде АЕК (36,1-ден 72,2 мың теңге) беріледі.

1991 жылдан 2020ылғы 1 қаңтарға дейін шетелден барлығы 313 256 отбасы (1 057 280 этникалық қазақ) тарихи отанына оралып, оралман мәртебесін алған.