“5-20-25” бойынша кімдер үй ала алады

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев “5-20-25” бағдарламасы бойынша бірінші кезекте кімдер баспана ала алатынын айтты, деп хабарлайды /tazael.kz/ тілшісі.

– Кезек санаттар бойынша бөлінген – көпбалалылар, жетім балалар, мүгедек баласы бар отбасылар, мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік қызметкерлері. Алайда баспанаға шын мұқтаж немесе мұқтаж емес екенін санатына қарап қана пайымдауға болмайды. Мемлекеттік қызметкерлердің де түр-түрі бар. Менің жалақым еңбек жолын енді бастаған маманнан жоғары, ал заң бойынша екеуміздің кезекте тұру құқығымыз бірдей болып шығады. Сол себепті біз табыстар бойынша шектеулер енгізуді шештік, – деді баспасөз жиынында Өскенбаев.

Оның сөзінше, мұндай баспанаға бірінші кезекте жан басына шаққанда бір ең төменгі күнкөріс табысы, немесе 30 мың теңгеден келетін отбасылар үміткер бола алады.

– Екінші сатыда – адам басына екі ең төменгі күнкөріс табысынан, 60 мың теңгеден келетін отбасылар тұр. Олар үшін біз жылына 2% жеңілдетілген несие қарастыруымыз керек. Қазір “Бақытты Отбасы” бағдарламасы сәтті жұмыс істеп жатыр. Әрбір отбасы мүшесіне шаққанда 3,1 ең төменгі күнкөріс табысы – 90 мың теңгеден келетіндер үшін Тұрғын-үй Құрылыс-жинақ банкіндегідей тетік ұсынамыз, бұл 20 жылға жылына 5%, алдын-ала жарнасы 10% болатын несие, – деді вице-министр.

Ал табысы одан жоғары отбасылар баспананы “7-20-25” бағдарламасы бойынша немесе екінші деңгейлі банктерден ала алады.