Абаев бейбіт жиналыс туралы заң жобасы жайында: Біз қарапайым азаматтардың мүдделерін ескеруіміз керек

Елордада Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев және жұртшылықтың қатысуымен «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасы талқылануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің кейбір әріптестеріміз өздері жазған, айтқан ұсыныстардың кейбірі заң жобасына енгізілмегенін айтып, наразылық білдіруде. Біріншіден, бұл бір-екі күндік немесе бес минуттық процесс емес. Бізде мемлекеттік органдармен белгілі бір келісімдер, процедуралар бар. Бұл айтарлықтай ұзаққа созылатын процесс. Сондықтан сіздерге айтарым: Сіздер айтқан ұсыныстарды Мемлекет басшысы мен біздер естиміз. Заң жобасы біршама, тіпті айтарлықтай өзгерістерге ұшырайды. Біз заңгерлер мен мемлекеттік органдардың ғана емес, өз ойын білдіргісі келетін, соның ішінде митинг арқылы білдіргісі келетін Қазақстан азаматтарының да мүдделерін ескеруіміз керек», – дейді Дәурен Абаев. Сондай-ақ, ол Парламент Мәжілісінде депутаттар заң жобасына өзгерістер енгізетінін айтты. Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін талқыланып жатқан заң жобасына түсініктеме беріп, бейбіт жиналыстар белгіленген орындарда өткізілуі керек екенін және оларды өткізу сипаты туралы айтқан болатын.