Алматы облысының полицейлері жемқорлықпен күресуге білек сыбана кіріспек

Алматы облысының полицейлері жемқорлық белгілері бар қылмыстарға қарсы күресті күшейтті, деп хабарлайды Zakon.kz облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

“Жетісу – адалдық алаңы” жобасы аясында Алматы облысының ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев облыстық Полиция департаментінің жеке құрамымен кездесті.

Кездесу барысында жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің басшысы полиция қызметіндегі кейбір жайттарға тоқталып, қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізу арқылы ретке келтіру қажет екенін атап өтті. Учаскелік полиция инспекторларының жұмысын жүйелендіріп, халық алдында жиі есеп беруін қамтамасыз ету қажеттілігі айтылды.

“Кез келген мемлекеттік ведомство елге қызмет етуі керек. Менің ойымша, құқық қорғау қызметтері арасында халықпен ең тығыз жұмыс жасайтын орган – полиция. Сондықтан, полиция қызметіне халық сенімін арттыру үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Полицей беделіне нұқсан келтіретін әрекеттің алдын алу шаралары қабылдануда. Қызметін жеке басының қажеттілігіне пайдаланғысы келген қызметкерлерге арамызда орын жоқ екенін ескертемін”,- деді өз сөзінде облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Б. Тенезбаев.

Мемлекет Басшысы еліміздегі полиция қызметінің жариялылығын және ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында кешенді шаралар қабылдауды тапсырғаны мәлім. Алматы облысының тәртіп сақшылары осы мақсатта бірқатар нақты қадамдар қабылдағанын жеткізді.

“Елімізде алғашқылардың бірі болып барлық қалалық және аудандық полиция бөлімшелерінде фронт-кеңселер ашылды. Халықтың арыздары мен өтініштерін тапсыруға, консультация алуына жағдай жасалды. Сондай-ақ, халықпен тікелей пікір алмасу алаңын құру мақсатында әлеуметтік желілерде Департамент бастығы полиция генералының жеке парақшасы ашылды. Соңғы екі-үш ай ішінде әлеуметтік желілер арқылы генералға 200 жуық сауал қойылып, тұщымды жауаптар берілді”,- деп хабарлайды облыстық полицияның баспасөз қызметі.

Айта кетейік, осы шара аясында облыстық Полиция департаментінің ғимаратындағы асханада сатушы жоқ дүкен сөрелері қойылды. Ол жерде қызметкерлер қажетті тауарды бағасына алып, қаржыны тиісті жәшікке салып кететін болады.

Сонымен қатар, Алматы облысы Полиция департаментінің басшылығы “Жетісу – адалдық алаңы” жобасы барысында “Фейсбук” әлеуметтік желісінде тікелей эфирге шығып, қойылған сауалдарға онлайн жауап берді.