Алматыда жыл басынан бері 6 адамнан менингококк инфекциясы анықталған

Алматыда жыл басынан бері 6 адамнан менингококк инфекциясы анықталған, – деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Осы ретте санитарлық дәрігерлер дене бөртіп, қатты бас ауруы, дене қызуы байқалған жағдайда бірден дәрігерлерге жүгінуге шақырады. Себебі менингококк аз уақыт ішінде-ақ асқынып, тіпті өлімге апарып та соғуы мүмкін дейді олар.

“Менингококкты тек науқас емес, тасымалдаушы адам да жұқтыруы мүмкін. Биыл біз осы инфекцияның алдын алу мақсатында 2 235 адамды өз еріктері бойынша тексердік. Нәтижесінде 6 адамның тасымалдаушы екені анықталып, барлығы оқшауланып, емделді”, – дейді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова.

Менингококк инфекциясы – жұқпалы ауру, ол түрлі клиникалық белгілермен бактериялар арқылы пайда болады – таратушыда белгілері білінбейтін болуы да мүмкін немесе назофарингиттен (мұрын-жұтқыншақ қабынуы), менингиттен (ми қабығының қабынуы) болуы мүмкін. Инфекцияның көзі – ауру адамдар және дені сау таратушылар.

 

kaz.tengrinews.kz