Азаматхан Әміртай. КӨКЖАЛ МІНЕЗІМІЗДЕН АЙРЫЛДЫҚ

Мен кейінгі кезде «Біз – қой сияқты жуас халықпыз», – деп мақтанатын күйге жеттік пе деп ойлап бастадым. Осы тұрғыда көңілім құлазып, ойым сан-саққа бөлінді. Бүгінде біз бөрілі байрағымыз бен көкжал мінезімізден айрылдық, көнгіштік пен жағымпаздыққа етене жақын болып алдық.

Әрқайсысымыз мемлекеттік мекемелердің бәрі жемқорлық жасап, шет-шетінен шіріп кетті деп айтып жатамыз. Алайда, өзімізге жақын біреу мемлекеттік қызметке тұрса, бәріміз жамырай қуанып, оны құттықтай жөнелеміз. Ал сол жұмысқа кірген қызметкер жемқорлықтың дәмін ертелі-кешті татса, біз дәл солай қуана аламыз ба? Көбісі бір-екі ай өтпей жатып, астарына қымбат көлік мініп, бастарына бір-бір пәтер алып шыға келеді. Сонша ақша аз уақыт ішінде оларға қайдан келді? Осы ой бізді мазалай ма? Әлде, надандықты тек бейтаныс адамдар жасаса, ол – күнә, ал өз жақынымыз сондай әрекеттерге барса, ол дұрыс па? Құттықтап жатқан адамдар оның ертең тірлік жасап, жағдайын дұрыстайтынын іштей түсінеді, десе де тіл қатпайды. Кейіннен өзі де бір көмегі тиіп қалар деген арам оймен жүреді. Сонда біз әділдік, тазалық деген құндылыққа өзімізді-өзіміз қарсы итермелеп жатырмыз-ау…

Мемлекеттік мекемеге жұмысқа келген адамды жамырап құттықтау тек қазақта ғана бар. Не үшін? Біріншіден, бұл – жағымпаздық. Екіншіден, ол қандай жұмыс екенін білмей жатып, байыбына бармай, жан-жағын болжап-бағдарлай алмау – нағыз надандық. Бұл біздей xалық үшін – ұят әрекет. Сондай бірмезеттік жарнама мен жағымпаздықтан аулақ болайықшы, бұл бізге жараспайды.