«Бақтың көзі – соқыр!» – ақын Төреғали Тәшенов

Ақын, Төреғали қажы Тәшенов facebook-тегі парақшасында жаңа өлеңін жариялапты.

Оқып көріңіз:

Бақ – пұшық пен ақсаққа да,
Үсенов Мақсатқа да,
Сағадиевтің «Үш тіліне» де,
Вл.Кимнің түшкірігіне де қонады;

Бақ – кейде боққа қонады,
Тұңғышбайды тұқыртып,
Матаевты мүйіздеген Сотқа қонады;
Бақ – Телібековтің құсық сөзіне,
Василий Нидің қысық көзіне,
Әнебір дәудің боқ қарнына да,
«Қалила қожаның» интернетте хит болған қошқарына да,
Шалды алдап жүрген жас иіске де,
Венгерді алдап түсірген таксиске де қонады;

Бақ – тегін білмегеннің тайқы маңдайына,
Тілін білмегенннің «жалко»таңдайына,
«Жорға бидің» шапанының шалғайына,
Тойымсыз мешкейдің пышағына,
Кейіпсіз қаскөйдің құшағына,
Банктегі жуан қараның портфеліне,
Биліктегі сылаң неменің аш беліне қонады.

Бақтың көзі – соқыр!
Соқыр бақ – қайтіп оңдырмақ?!
Енді, сол Соқырың,
бір қолына іліккенін Ұлттық пантеонға,
екінші қолына іліккенін «100 жаңа есімнің» ішіне апарып қондырмақ…