Бес бүлдіршін – болашақ бес рулы елдің анасы еді ғой…

Ең  алдымен  бауыр еті – бес бірдей бүлдіршінінен қапыда айырылып, қасіреттен қан жұтып қалған  ата-анаға  «Байтақ болашақ» экологиялық альянсы атынан қайғырып көңіл айтамыз. Қасиетті дінімізде айтылғандай, күнәсіз періштелердің  шейіт һәм жұмақтық болғаны, ата-аналарына ақыретте шапағатшы болатыны күмәнсіз. Сондықтан Алланың салған сұмдық сынағына бекем болыңыздар.

Айдың-күннің аманында,  қияндағы бір түкпірде емес, ел басқарған  жақсылар жиналған Астанада неге бұлай болды?! Сол Астанаңызда жүздеген үйлер мен қымбат коттедждердің қаңырап бос тұрғаны өтірік пе? Мынадай тауық қорада бес баламен бүрсеңдеп, солардың аузын қалай аққа жеткізем деп жанталасып жүргендер бір бұлар емес, қай қалаңызда да мыңдап толып жатыр. Соның барлығы – ауылдан ағылған қазақтар. Олар қайбір жетіскеннен жүр дейсіз? Екі қолға – бір күрек ауылдан-ақ  табылса, ақ боранда Арқаға ауып несі бар?! Олар анау  ақшаңқан биік үйлерге қолдары  оңайлықпен жетпейтінін жақсы біледі, сондықтан амалдап болса да шағын жер алып, кішкентай күркешік тұрғызып алып, өз күндерін өздері көруде.

Қазақстанның 18 миллион халқы бір ғана Стамбулда, бір ғана Тегеранда тұрады. Оларда дәл біздегідей проблема жоқ. Иран астанасында, мәселен, 100 шаршы метрден кем пәтер салынбайды. Ал бізде бар болғаны 30 шаршы метр жерде ата-ана бес баласымен тұрып жатуы, сол аядай жерде ас ішіп, кір-қоңын жуып, бір жастықта ұйықтаулары масқара болып саналмайды. Неге біз бар болғаны бір ірі қалаға сыйып кететін халқымызға жағдай жасай алмай отырмыз?! Неге? Кім кінәлі?

Егер әлгі қан жұтып қалған ана бес баласына  қазіргідей бар-жоғы он мың теңге жәрдемақы алмаса, банк алдындағы берешегін төлеу үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей күні-түні тырбаңдамаса, оның орнына әлди жырын айтып, ақ бесігін тербетіп отырса, бес қыз тілсіз жаудан аман болар еді ғой! Бес қыз – болашақ бес рулы елдің анасы емес пе еді?!. Әттең…

 

Азаматхан ӘМІРТАЙ,

«Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы