Биыл екі мыңға жуық отбасы баспанамен қамтылады

Елбасы «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды жалға берілетін баспанамен қамту үшін құрылыс жұмыстарына 50 миллиард теңге көлемінде қаражат қарастыруды тапсырған болатын.

Осы орайда, Жамбыл облысының әкімдігі 5,6 миллиард теңгені құрайтын 710 пәтері бар 11 жалға берілетін тұрғын үйдің құрылысына республикалық қазынадан қаражат қарау үшін жобалау-сметалық құжаттарын дайындап, өтінім қалдырды. Бұл жобаларға биыл тағы 3 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінбек.

«Өңірімізде жалға берілетін тұрғын үй кезегіне тіркелген 24 мыңға жуық азаматтың 13 436-сы әлеуметтiк жағынан аз қамтылғандардың санатына жатады. Қазіргі таңда Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасымен, осы азаматтардың отбасыларын тұрғын үй кезегі келгенше жатақханамен қамтамасыз ету шаралары жүргізілуде. Биыл осы бағытта 6 жатақхана ғимаратының құрылысын аяқтап, 400-ге тарта жағдайы төмен немесе көп балалы отбасыны қоныстандыруды көздеп отырмыз. Ол 6 жатақхананың 3-уі Тараз қаласында болса, қалғандары Жаңатас, Қаратау және Шу қалаларына тиесілі. Ал келесі жылы облыс орталығынан тағы 4 жатақхананың іргетасы қаланып, игілікке ұсынылады», – дейді Жамбыл облысы әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаров.

Басқарма басшысының айтуынша, былтыр «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй ғимараттары тұрғызу мен инженерлік инфрақұрылым тартуға 13 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Бұл сомаға 32 көп пәтерлі үйдің құрылысы қолға алынып, 38 инженерлік инфрақұрылым жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Сонымен қатар былтыр 1 673 пәтер ел игілігіне ұсынылса, 4 654 жер учаскесіне инженерлік инфрақұрылым жұмыстары жүргізілген. Ал ағымдағы жылы мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінген 23,5 миллиард теңгеге 28 көп пәтерлі нысанның құрылысы басталады. Оның 27-сі биыл пайдалануға тапсырылу керек, 1 жалға берілетін үй келесі жылға қалып отыр.

Ж.Шалдаров жыл соңына дейін 1 970 отбасын пәтермен қамтамасыз ету жоспарда бар екенін айтады.

Асхат РАЙҚҰЛ
Baq.kz