Біз талап еттік, билік келісті!

Қасым-Жомарт Тоқаевтың  халыққа арнаған  жолдауы  бұрынғы  жолдауларға  қарағанда  сәл  өзгеше болды  деп есептеймін. Жолдауда  бір «жылымық»  сезіліп  тұрды. Демократиялық  құндылықтарды  қадірлейтініміз,  ашық  қоғамға  бет  бұрғанымыз  байқалды.

Президенттің  өзі  де: «Біз елімізді реформалаудың жаңа кезеңіне қадам бастық»  деді. Бұл  көптен  күтілген  реформа   еді. Сәтті  болғай  делік!  Ең  бастысы, халықты  көптен  бері алаңдатып келген  жер  мәселесне  байланысты айтылған  сөз. «Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді.Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек. Бірақ жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету – біздің міндетіміз». Жердің  сатылмайтынына президент  өзі  кепіл  болып  отыр. Олай  болса бос әңгімені доғару  қажет.            Тіл мәселесі  де тілге  тиек етілді. «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін.Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек.Сондай-ақ, тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн». Демек «тілім құрып  бара  жатыр»  деп артық  эмоцияға  беріліп, бос  даңғаза  жасаудың  қажеті  шамалы. Рас, тіл саясат  құралы. Тіл  мәселесін  көтеремін  деп ТМД кеңістігінде біраз  жерінен айрылып  қалған   мемлекеттерде  бар.  Біз солардың  қателігін  қайталамауымыз керек. Құдайға  шүкір, қазір  елімізде  қазақтың  саны  70  пайызға  жетті.  Енді  бір он  жылда 80  пайызға  жетіп қалатынымыз белгілі. Демек тіл  мәселесі өз-өзінен шешілері анық. «Арбаныда  сындырмай,  өзгізді  де  өлтірмей» эволюциялық жолмен  қазақ  тілінің  мәселесін  шешуге  болатынын  кезінде  Елбасы  Нұрсұлтан  Назарбаевта айтқан. Алдағы  он-он бес  жылда  қазақ тілі Тоқаев  айтқандай  ұлтаралық  тілге  айналып, мейманасы таситынына  бек  сенімдімін.                                                                    Иә, жолдауда  біраз  тұщымды  дүниелер айтылды. Осы  жерде  бір еске  сала кеткім келіп  тұрған жайт, ол-30 маусым күні  мен ұйымдастырған  бейбіт митингде көтерілген,  билікке  ұсынылған  ел  үшін  өзекті  мәселелердің   орындала басталуы. Оны  осы жолдаудан  көріп  тұрмын. Мәселен, 30  маусымда өткен  митингде  қабылданған  қарарда,  жердің  сатылмауы, ана тіліміздің  мерейін арттыру, шағын және  орта  бизнесті яғни кәсіппен айналысамын дегендерге  бөгет жасамау,  керісінше  қолдау, көпбалалы отбасыларға  әлеуметтік жеңілдіктер жасау, білімді, білікті жастарды  билікке  әкелу, билік алдында емес, халық алдында жауапкершілігін арттыру  үшін  әкмдерді  сайлау, Жастарға  білім  беру  және  жұмыспен  қамту, елдің  көкейіндегісін  жеткзу  үшін,  бейбіт митинглер ұйымдастыру  т.б   мәселелер көтерілген еді. Қарарды біз  президент әкімшілігіне  тапсырғанбыз. Міне  сол  қарардың  қортындысы  президент  жолдауынан көрініс тауып  отыр. Бұлда  біздің,  халықтың  ортақ  жеңісі. Енді  осы  жолдауда айтылған  мәселелер нақты орындалуы  тиіс. Біз  биліктен  осыны күтеміз  әрі  талап етеміз.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ «Байтақ-Болашақ»  экологиялық  альянсының  төрағасы