Болуы тиіс желтоқсан

Жастардың бір рет бас көтермеуі мүмкін емес еді. 1985 жылдың қаңтары. КазГу-дың №5 жатақханасында кешкілік күн сайын жасырын кездесу өткіземіз. Жиынның жетекшісі, ұйымдастырушысы – Алма Оразбаева. Өзі орыс бөлімінде оқиды. Бірақ “қазақ” десе жанын суырып беруге әзір. Әрбір сөзі оттай лаулап тұр. Былтыр күзде ауыл шаруашылық жұмыстарына барып қайтқан. Солтүстік облыстардағы орыстандыру саясатының сұмдығы жайлы жыларман болып айтатын. Есте қалғаны: Қостанай облысына қарасты кейбір ауылдарда қазақтар түгелдей украинше немесе орысша сөйлейді. Тіпті, көрнекі жазулар да сол тілде. Павлодар облысында екі-үш ауданнан басқасы түгелдей орыстанған. Аман қалған екі-үш аудан жылдам орыстануда. Өскемендегі жағдай одан да сорақы. “Қазақтардың көзін ашайық! Бұл сұмдықты тоқтатайық!” деп шырылдайды. Жиынға жиналатын: мен, Алма, қызылордалық Рая Абдуллаева және семейлік Ардақ есімді қыз бар еді. Жасымыз сол кезде 19-ға да ілікпеген. Бар болғаны екінші курста оқимыз. Алға мынадай жоспар құрылды: Алма жазда тұрмысқа шығып, пәтерге көшеді. Сол пәтерден баспахана ашып, қазақтың рухын оятатын газет ашамыз. Міндетті түрде Лениннің еңбектерін мықтап оқуымыз шарт. Лениннің идеялары бізді біраз пәледен құтқарады деп сендік. Екіншіден, күрестің лениндік жолынан басқасы сәтсіздеу көрінді. Әлгі газетті орыстанған өңірде құпия түрде тарату мәселесін талқыладық. Жазға дейін политех, женПи, ҚазПи секілді жоғары оқу орындарындағы студенттермен байланыс жасап, құпия ұйым айналасында топтастырып, одан соң, сол студенттер арқылы таратуға келістік.

Өйткені, оның алдында ғана политех пен КазГУдың жоғары курс студенттері де осындай ұйым құру туралы бірнеше мәрте құпия кездескен екен. Ұйым құрылмаған. Бірақ идея әлі тірі. Яғни, бізде алғашқы қарлығаш ұйымды құрып, жұмысты бастап кетуге мүмкіндік бар. Келер жылы жаздық практиканы төртеуіміз Петропавл, Павлодар, Қостанай, Өскемен облыстарына төрт бөлек алып, сол жақтағы нақты жағдай жайлы ақпарат жинап келуіміз керек деп шештік. Ең бастысы – ертең басымызға қандай күн туып, етімізден ет кесіп алып жатса да бір-бірімізді сатпауға серттестік. Мәскеудегі “Жас тұлпар” ұйымының басты қателігін танып біліп, оны қайталамау қажет деп таптық. Максимум және минимум міндеттерді белгіледік. Минимум – жасырын газетті шығару. Максимум – газетті ел-елге таратып отыру. Бір өкініштісі, көктем келісімен, мені әскерге әкетті. Одан кейін Алма расымен тұрмысқа шықты. Раяны Әбіш “қағып” кетті. Ардақ оқудан шығып қалды. Араға 1 жыл 9 ай салып, Желтоқсан оқиғасы бұрқ етті. Яғни, біз үшеуіміз ғана емес, барлық жастардың ішінде орыстандыру саясатына қарсы ыза-кек сол кезде-ақ буырқанып, қайнап жатқан екен! Әскерде жүргендіктен, жалындаған жастардың ерлігін тек Раяның хаттарынан ғана оқып жүрдім. Бұл атқарылмай қалған ерлік шығар. Бірақ негізгі айтпағым – қазақ халқын коммунистік режимнің қыспағына, табанға салып езе беруі ары қарай мүмкін емес еді. Ленинше айтқанда “жоғарыдағылардың қолынан ештеңе келмеді, ал төмендегілер төзбеді”. Албырт болса да аса қауіпті тақырыпты сол кезде батыл көтерген, басын өлімге тігуге әзір болған Алма Оразбаева бұл күнде “Хабар” агенттігінде жұмыс істейді. Белді, сақа журналист. Буырқанған энергиясы әлі де тасып тұр. Рая болса – ақын Әбубәкір Смайыловтың келіншегі, бүгінде Астана тұрғыны. Ардақтың қайда кеткенінен хабарсыз екенмін.
Армандап, аңсап, жастардың қанымен, жанымен жеткен қасиетті Тәуелсіздік құтты болсын, халқым!

(Тоқтар  Жақаштың  Фейсбуктағы  парақшасынан)