ДЕНИС ТЕНДІ ӨЛТІРГЕН ЖАСТАР ҰРЛЫҚҚА АМАЛ ЖОҚТЫҚТАН БАРДЫҚ ДЕДІ…

Бабаларымыз әр кезде де жастардың жағдайына бейберекет қарамаған. Ұл баланы кішкентай кезінен бастап атқа отырғызып, аң аулауды үйреткен. Өздері күнделікті өмір салты арқылы оларға үлгі бола білген. Осылайша ұл бала шымыр, мықты, жастайынан еңбекке араласып ер жетеді. Мен көшпенді өмір сүрудің оңай емес екендігін өз басым жақсы білемін.

Жазда жайлауға, қысқа қыстауға, күзде күздеуге, көктемде көктеуге көшіп, дүние-мүлікпен, бала-шағамен орын ауыстыру көп қажырлықты талап етеді. Жаңа қонысқа үй тігіп, тіршіліктің бәрін қайта бастау – қиынның қиыны. Сонымен қатар, қазақ xалқы тастан қашалған үйде емес, есігі әр уақытта қонаққа айқара ашық тұратын киіз үйде өмір сүрген. Кең далада қорғансыз болса да, еш қорқынышсыз өмір сүрген. Сондықтан да балалардың спорттағы қабілеттерін жетілдіріп, барынша шынықтырып, ел қорғайтын батыр қылып өсірген. Біз – осындай ұлы дала xалқының ұрпағымыз. Жастайын ұлдарға “Сен ертең әке боласың”, ал қыздарға “Сен – болашақ анасың” деп құлақтарына құйып, әрдайым ақыл-кеңестерін айтып, тәрбиелеп-өсірген.

Екі жас шаңырақ құрғанда оларды бөлек үйге шығарып, мал-үй бөліп берген. Кейіннен екі жастың туысқандары “құдалық” қарым-қатынаста араласқан, қазіргі тілде арнайы келісім-шарт түрінде десек те болады. Келіншек керек кезде ғана өзінің төркініне барып, немерелерін көрсеткен. Міне, біздің ұлы бабаларымыз осы дәстүрді салт ретінде ұстанып, жастарды да дәл осылай өсірген. Жастар сол мүмкіндіктің арқасында бақытты өмір сүріп, баба жолымен ғұмыр кешкен.

Ал қазіргі алдыңғы буын ағаларымыз жастарға үлгі бола алып жүр ме? Салт-дәстүр де, қарым-қатынас та түсініксіз, әдеп пен тәрбиеден алшақтап бара жатқандай. Осындай бейберекет кезде жастар қалай өмір сүрмек? Бүгінде мектепте оқитын балада арман-мақсат бар ма? Алтын ұясынан ұшып, кәмілетке толған жастарға жолын тауып кетуге мүмкіндік қарастырыла ма? Заң оларды қорғай ала ма?

Қазіргі таңда елдегі қарапайым жастардың болашағы бұлыңғыр деп ойлаймын. Мысалға Денис Тенді өлтірген жастар бұл іске амал жоқтығынан, мүшкіл xалден, күнкөріс төмендігінен барды. Олар көлік айнасын ұрлау себебі ретінде бұл қылмысқа өмірде басқа мүмкіндікті көрмеген соң барғандығын айтқан еді. Денис кәсіби спортшы ретінде ұрыларды қуып жетіп, айнаны қайтармақ болған кезде ұрлық жасаған жігіт полиция қолына түсуден қорқып, айнаны тастап шығайын деген кезде төбелеске айналып, пышақ тыққан екен. Әрине, әлемге әйгілі спортшымыз қайтыс болғаны өкінішті, бірақ бұл арнайы жоспарлы түрде жасалған қастандық деп айта алмаймын. Дениске пышақ тыққан Нұралы кінәсін мойындады, мамасынан кешірім сұрады, бүгін сот оның жазасын кесті.

Сонымен қатар, бір ұлы бар жүкті қыз осы жағдайдың куәгері болып қалды. Осы тұста біздегі заңның соншалықты дұрыс еместігін байқауға болады. Ол қыздың бұл қылмысқа қатысы қандай? Шетелмен байланысты деп жалған айып тағылып, оны бостандықтан ұзағырақ айыру үшін тағы да күш салынып жатыр. Жүкті анаға қалайша жандары ашымайды екен деп жүрегім ауырады. Талай адамдарды қаққан Үсеновтер де бостандықта жүр ғой. Әйгілі спортшы болғандықтан да жағдайдың осылай ушығып кеткенін бәріміз де іштей біліп отырмыз. Қазақстанда дәл осындай жағдай күніне қанша рет орын алады? Көп болмаса, аз емес.

Қарапайым ауылдан келген жастардың көбі осындай я болмаса осыған ұқсас жолға түсіп кететіні шындық. Оны бәріміз білгенімізбен бұл мәселе көтерілмейді, қолға алынбайды. Әрине олардың арасында жұлып-жұлқынып өсіп шығатындары да бар. Бірақ ол болашақта қаншалықты көтеріле алады? Соның біреуі – бізбіз. Кезінде бергеннің қолынан, бермегеннің жолынан алдық. Бірақ бұл бізге оңай тиген жоқ. Тәжірибелі айлакерлер бізді қолдарынша келгенше пайдаланды, арам істеріне жұмсады. Қыл көпірдің үстінде жұмыс жасап жүріп пайда таптық десем де болады. Қазір өзімізді тәжірибе алдық деп жұбатып қоямыз. Иә, тәжірибе. Бірақ жабайы қасқырға айланып та үлгердік. Ішіміздегі өкпе мен ыза кейбір кезде жеп қояды. Бүгінде жастарға үлгі болар кім бар? Жастардың болашағы қалай болмақ? Мен жастардың сондай жолмен өскенін қаламас едім…

TazaEl.KZ
Экологический альянс «Байтақ болашақ»
Азаматхан Амиртай