Көп балалы аналар билікке талап қойды

15 ақпанда Астана қаласындағы концерт залына жиналған жүзден астам адам әлеуметтік мәселелерін айтып, қала әкімімен кездесуді талап етті.

Шарадан тікелей эфирде хабар таратқан Азаттық тілшісінің хабарлауынша, мұнда бүгін әкімдік өкілдері “Ашық есік күні” шарасын өткізбек болған. Бірақ оған қала әкімі Бақыт Сұлтанов және оның орынбасарлары келмеген. Астана қалалық әкімдік өкілдері Азаттық тілшісіне тек басқарма жетекшілерінің келетінін хабарлаған.

Жиналған топ көп балалы аналарға мемлекет тарабынан жәрдемнің аздығын айтып, жөргекпұлды өсіруді, баспана мәселелерін шешіп беруді талап етті. Олар 6 ақпанда билік өкілдеріне қойған талаптарына да жауап естігісі келетіндерін айтты. Залда билік өкілдеріне өтініш жазып тұрған көп балалы аналардың бірі Азаттық тілшісіне отбасымен бірге екі бөлмелі времянканы жалдап тұратынын, биліктен баспана мәселесін шешіп беруді талап етіп отырғанын айтты.

Бүгін бұған ұқсас шаралар Қазақстанның өзге қалаларында өтеді деп хабарланған. Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі Диляра Исаның айтуынша, қазір қаладағы “Түркістан” сарайына мыңнан астам адам жиналған. Олар қала әкімімен кездесуді күтіп отыр.

Астанадағы аналар наразылығы қазір жалғасып жатыр. Тікелей эфирді мына жерден көріңіз:

4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған еді.​ Осы оқиғадан кейін көп балалы аналар наразылығы күшейген.

6 ақпанда Астанада жүздеген ана жиналып, биліктен жәрдемақы мен жөргекпұлды өсіруді, көп балалы отбасылардың балаларына тегін білім беруді, ана мен баланы тегін емдеуді, баспана алуды жеңілдетуді талап еткен. Кейін астаналық аналардың талабын басқа аймақтағы әйелдер де қолдаған.

6 ақпанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халық тұрмысын жақсарту үшін үкіметте жұмыс тобы құрылған. 12 ақпанда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова​ жұмыс тобы аясында көп балалы аналарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі қаралатынын айтты.