КӘСІПКЕРДІ ҚОРЛАУ ЕМЕС, КӘСІПКЕРДІ ҚОЛДАУ КЕРЕК!

Осыдан бірер күн бұрын «Сенімді кәсіпкерлер қауымдастығы» деп аталатын кәсіпкерлер ұйымының бір топ азаматтарымен кездестім. Аталмыш қауымдастықты құрған бұлардың қай-қайсыда анау айтқан алпауыт кәсіпкерлердің қатарына жатпаса да, кішігірім бизнестерін өздерінше дөңгелетіп отырған жандар.

Былайша айтқанда бизнестің барлық саласында жүргендер. Бірақ бұлардыңда проблемалары жеткілікті. Мемлекеттен ешқандай көмек алмай-ақ, қолда барын ұқсатып, біраз адамды жұмыспен қамтып отырғадар. Кездесу барысында әркім өз ойын ортаға тастады. Күрмеуге келмей тұрған күрделі мәселелерді талқыладық. Бизнестегі кем-кетіктер, одан шығудың жолдары қарастырылды. Әсіресе отандық тауар өндірушілерді қорғау үшін, шеттен келетін тауарларға салықты көбейту керек деген ұсыныстар болды. Әрине бұл өте орынды. Әсіресе Ресеймен Қытайдан тоқтаусыз келіп жатқан түрлі тауарлар, отандық бизнестің адымын аштырмай отыр. Ал оны реттеудің жолы біреу. Сырттан келетін тауарларға баж салығын көбейту. Осылайша отандық кәсіпкерлерлердің тауарына жол ашу. Кездесуге жиналған кейбір кәсіпкерлер шет елден келетін жұмысшыларды заңдастырса дегенді айтып қалды. Оларға «бұлай істеуге болмайды» дегенді айттым.

Өйткені өз азаматтарымыз жұмыссыз қалмақ. Жұмыссыздар легі көбеймек. Демек мұндай мәселеге абай болған жөн. Бір белгілі болған жағдай бұл кәсіпкерлердің ешқайсы мелекеттен қолдау алып отырмағандар екен. Кімде болса, бизнесін ұлғайтқысы келеді. Ол үшін қолдау болса, арзан кредиттер болса дегенді айтады. Өкінішке орай, еліміздегі банк несиелерінің пайызы тым жоғары. Оны алып, екі немесе үш есе қылып кері қайтару керек. Бұл шағын бизнес иелері үшін ауыр. Бұдан тыс түрлі тосқауылдар, түрлі сылтаумен тексерістер көп. Бір сөзбен айтқанда кәсіпкерді қолдаудың орнына жөргегінде тұншықтырғысы келеді. Ал шет елдік тәжірибеге қарасақ, өркениетті елдерде кәсіпкерлікпен айналысуға үлкен мүмкіндіктер, барлық жағдай жасалған. Неге бізге солардан үйренбеске. Әсіресе кәсіпкерлерге керегі қаржы. Онсыз кәсіпті алға жылжыту мүмкін емес. Даму қоры екінші деңгейлі банктер арқылы несие беріп келеді екен. Бірақ пайыз мәселесі қиын. Кездесуде кәсіпкерлікті дамыту үшін несие берудің жаңа жолдарын қарастыру, жаңа бағдарлама жасау керектігі айтылды. Кәсіпкерлер осындай ұсыныстармен өздері тұратын өңірлердегі әкімдерге шығатынын айтты. Алдағы уақыттада бас қосып өзекті мәселелерді талқыға салып отырған жөн деп тарастық. Жақында президен Қасым-Жомарт Тоқаев халықпен диалогқа келу, кәсіпкерлерді қолдау жөнінде бернеше рет айтты.

Ел ішінде қордаланып қалған мәселелерді шешу үшін Ұлттық кеңесте құрды. Өзімде кәсіпкер болғандықтан Ұлттық кеңестің алдағы отырыстарында отандық тауарды қорғау, кәсіпкерлерді қолдау жөнінде өз ұсыныстарымды ортаға салмақпын. Егер елімізде орта тапты қалыптастырып, халықтың әл-ауқатын түзейміз десек шағын және орта кәсіптің дамуына кедергісіз жол ашуымыз керек. Бұл басты мәселелердің бірі.

Азаматхан ӘМІРТАЙ «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы