Көпбалалы отбасыларға бірінші кезекте пәтер алу құқығы беріледі

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасы бір топ Парламент депутаттарының бастамашылығымен әзірленді. Бұл тұрғыда «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Мемлекеттік жастар саясаты туралы», «ҚР Мемлекеттік наградалар туралы» заңдарына түзетулер ескерілген.

«Ұсынылып отырған түзетулердің негізгілеріне тоқталсақ, көпбалалы отбасы ұғымын «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне сәйкес келтіру ескерілген. Бұл заңнамалық актілер арасындағы қайшылықты жояды. Екіншіден, сатып алу құқынсыз жалға берілетін тұрғын үй ұғымын енгізу ескерілген. Бұл табысы төмен халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған. Сатып алу құқынсыз жалға берілетін тұрғын үйдің тұрақты коммуналдық қорын құруға мұмкіндік береді», – деді Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемісов.

Бұдан бөлек, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алғандар немесе бұрын «Батыр ана», сондай-ақ бірінші және екінші дәрежелі «Ана даңқы» атағын алған көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар санаты үшін тұрғын үй алуға жеке кезек енгізу қарастырылған.

«Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің шегінде сатып алу құқынсыз жалға берілетін тұрғын үйді және оның көлемін айқындау қаралған. Бұл норма көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселесін шешуге, қаражатты тікелей және мақсатты жолдауға негіз береді. Осының арқасында, жалға берілетін тұрғын үйдің көлемі өседі деп күтудеміз», – деп нақтылады Ш. Өтемісов.

«Қазіргі уақытта кезекте тұрған көпбалалы отбасылардың саны 31 725-ке жетті. Көпбалалы отбасыларды жалға берілетін тұрғын үймен  қамтамасыз ету мақсатында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жыл сайын 50 млрд теңге қаражат бөлінетін болады. Осының арқасында жылына кемінде 6 мың пәтер тапсырылады», – деді депутат.

inform.kz