Мирзияев Каримовті еске алу құрметіне ас берді

Өзбекстанда 30 қаңтарда елдің тұңғыш президенті Ислам Каримовтің туған күні құрметіне еске алу шаралары өтті.

Өзбекстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, президент Шавкат Мирзияев Ташкенттегі Ислам Каримов ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Самарқандағы сүйегі жатқан Шахи-Зинда тарихи зиратына барып, дұға оқыды. Бұдан соң президент Самарқанда ас берді. Еске алу шарасына мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ел ақсақалдары мен жастар қатысты.

Ташкент пен облыс орталықтарында да тұңғыш президентті еске алу кештері өтті.

Шавкат Мирзияевтің 2017 жылдың 25 қаңтарында шығарған қаулысына сәйкес, Өзбекстанда Ислам Каримовтің туған күні жыл сайын атап өтіледі.

Өзбекстанды 27 жыл басқарған Ислам Каримов 2016 жылдың қыркүйек айында 78 жасында көз жұмды.