Мирзияев кәсіпкерлерді мәжбүрлеп жұмысқа тартуға тыйым салды

13 тамызда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев кәсіпкерлерді мәжбүрлеп жұмысқа тартуға тыйым салатын жарлыққа қол қойды.

Құжатқа сай, жергілікті әкімшіліктерге кәсіпкерлерді негізгі қызметіне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға, атап айтқанда, демеушілік және қайырымдылық көмек көрсетуге, елдімекенді көркейтуге, металлолом және макулатура жинауға мәжбүрлеуге тыйым салынды.

Бұған қоса жарлықта кәсіпкерлер ауыл шаруашылығында маусымдық жұмыстарға қатысуға және еңбек ресурсын тартуға, ақша жинауға міндетті еместігі айтылған. Жергілікті әкімшіліктер кәсіпкерлерді мәжбүрлі түрде жиналысқа шақыра алмайды.

7 тамызда Өзбекстанның Самарқанд облысының басшылығы Malibu-2 және Captiva автокөліктерінің иелерін “Шарк тароналари” фестивалі кезінде қонақтарға тегін қызмет көрсетуге міндеттеген.

Жергілікті блогер Мирзо Субхоновтың хабарлауынша, 22 шілдеде облыс басшысы “ұйымдар мен заңды тұлғаларға тиесілі қымбат автокөліктерді тегін пайдалану туралы” №07-01/135 қаулы қабылдаған. Блогердің сөзінше, қаулыға сәйкес, жергілікті тұрғындардың Malibu-2 және Captiva автокөліктерін бір апта бойы тегін пайдалану қарастырылған.

Шығыс әуендеріне арналған фестивалі Самарқандта 23-30 тамыз аралығында өтеді.