Мұғалімдер мен дәрігерлерге бастапқы жарнасыз пәтер беріле бастайды

Қазақстан ипотекалық компаниясы мен ҚР ДСМ, ҚР БҒМ арасында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша сатып алу құқығымен тұрғын үйлерді жалға беру туралы келісімдерге қол қойылды.

 

Аталған келісімдер арқылы министрліктер мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметкерлерін тұрғын үймен қамту жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Талаптары қандай?

Аталмыш бағыттағы қызметті қаржыландыруға шамамен 40 млрд теңге «ҚИК» ИҰ» АҚ меншікті қаражаты мен нарықтық талаптарға сәйкес, қарызға алынған қаражат жұмсалатын болады. Осыған сәйкес, бағдарламаны іске асыру мемлекеттік бюджетке қосымша салмақ салмайды.

Қатысушылар үшін жалға берілетін тұрғын үйді өткізу талаптары мынадай:

• тұрғын үйді жалдау мерзімі 20 жыл;
• баспана бастапқы жарнасыз беріледі;
• тұрғын үйді кез келген уақытта және айыппұл санкцияларын қолданусыз мерзімінен бұрын сатып алу мүмкіндігі бар;
• кіріс жеткіліксіз болған жағдайда кепілгерлерді тарту мүмкіндігі бар.

Бұл ретте бағдарлама бойынша жалгерлік төлемнің орташа айлық құны республика бойынша орташа бағадан төмен болмақ.

«Қазақстан ипотекалық компаниясы білім беру және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері үшін тұрғын үйді ипотекалық несиелендіру бойынша арнайы бағдарлама әзірледі. Компаниямыз 2015 жылдан бері сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйлер салу мен сатып алуды қаржыландырып келеді. Осы кезге дейін біз Қазақстан бойынша 18 мыңнан астам отбасын тұрғын үймен қамтамасыз еттік. Компанияның осынау тәжірибесі осы әлеуметтік маңызы бар жобаны нәтижелі іске асыруға мүмкіндік береді деген сенімдеміз», — деді «ҚИК» ИҰ» АҚ Басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов ОКҚ-а өткен баспасөз мәслихатында.

Тұрғын үй алуға үміткерлер тізімін тікелей министрліктер құратын болады.

Өз кезегінде «ҚИК» ИҰ» АҚ берілген қызметкерлердің төлем қабілеттілігін тексеріп, бағалау қорытындысы бойынша өтінімдері мақұлданған үміткерлермен ұзақ мерзімді жалдау шартын бекітеді.

Бағдарламаны іске асыру арқылы

алдағы екі жылда 3 мың қазақстандық отбасын меншікті тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр

Кімдерге бірінші беріледі?

ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Орсариев білім саласының қандай қызметкерлері аталмыш бағдарлама бойынша үй ала алатынын айтып берді.

«Жалпы бағдарламаға қатысуға кімнің құқығы бар? Министрліктің және ведомстоның бағынысты ұйымдарының қызметкерлері кезек тәртібі бойынша ала алады.

Соңғы бес жылда олардың атында тұрғын үй болмауы керек.

Сондай-ақ, төлем қабілеті расталуы тиіс. Яғни, кіріс туралы анықтама алып келуі қажет. Кейін сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй беріледі. ҚИК Білім және ғылым министрлігіне қанша пәтердің бары туралы хабарлама жібереді. Ол хабарламада пәтердің шаршы метрі, қабаты, бағасы бәрі көрсетіледі. БҒМ кезектегі адамдарға өтініш хат жібереді. ҚИК қатысушылармен жалға алу шартын жасайды. Осы шарт 240 айға, яғни 20 жылға арналған. Бір жолғы төлем — 1 пайыз», — деді ол.

БҒМ жауапты хатшысының атап өтуінше, қазіргі таңда Қазақстанда білім саласында 10 мыңға жуық адам пәтер кезегінде тұр.

«Шаршы метрін 260 мың теңге деп есептесек, 50 шаршы метрлік үй шамамен 13 миллион теңге тұрады. Егер жалға беру мерзімі 20 жыл болса, ай сайынғы төлем шамамен 60-70 мың теңге болмақ. Егер біз келісімшартты 15 жылға жасар болсақ, айына 80-90 мың теңгеге айналады. Алдағы екі жылда осы бағдарлама бойынша мұғалімдерге 1500 үй бөлінеді», — деді ол.

Өз кезегінде ҚР Денсаулық сақтау министрі ЕлжанБіртанов бүгінде 15 мың медицина қызметкері баспанаға зәру екенін айтты.

«Қазіргі таңда Қазақстанда 400 мыңға тарта медициналық қызметкер еңбек етеді. Олардың ішінде 170 мың мейірбике мен 60 мың дәрігер бар. Әлбетте, осы баспана тапшылығы мәселесі бар. Қазіргі таңда біздің мәлімет бойынша, 15 мыңнан астам дәрігерге баспана қажет. Бүгінгі меморандумға қол қою — бізге өте қуанышты жағдай.

Республика бойынша, 1 жарым мың медициналық қызметкер жалға берілетін баспананы алатын болады.

Бұл жұмысты ары қарай жергілікті атқарушы органдармен жалғастырамыз. Менің ойымша, осы шаралар арқылы дәрігер мен мейірбикелердің әлеуметтік жағдайы көтеріледі. Бұл тікелей медициналық қызметтің сапасын көтеруге септігін тигізеді», — деді ол.

Министрдің айтуынша, жалға берілетін пәтерді медициналық саладағы барлық маман иесі ала алады. Дәрігерлерден бөлек, медбикелер, ауруханаларда еңбек ететін мамандар, яғни есепшілер мен инженерлердің де өтінім беру құқығы бар.

«Яғни, лауазымы бойынша ешкімге ешқандай басымдық ешкімге берілмейді.

Осыған дейін айтылғандай, өтінім берген медициналық қызметкердің және оның отбасы мүшесінде атында үй болмауы керек. Қысқаша айтқанда, баспанаға барынша мұқтаж қызметкерлерге маңыз беріледі», — деді Елжан Біртанов ОКҚ-да өткен баспассөз мәслихатында.

Қашан беріле бастайды?

Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ мәліметінше, қазірде екі ведомствоның үй алуға кезекте тұрған қызметкерлерінің тізімі қарастырылып жатыр. Анықтамалар зерделенгеннен кейін пәтерлерді табыстау жұмысы басталады.

«Кезекте тұрған мұғалімдер мен дәрігерлердің төлем қабілеттілігін тексереміз. Керекті құжаттар бар ма, жоқ па — анықтамалардың бәрі зерделенгеннен кейін осы жұмысты бастаймыз», — деді «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ атқарушы директоры Мақсат Меңдібаев.

«ҚИК» ИҰ» АҚ Басқарма төрағасы ӘділМұхамеджановтың айтуынша,

пәтерлер алдағы 2-3 айда беріле бастайды

«Мұғалімдер мен дәрігерлердің қандай пәтер алғысы келетініне байланысты төлем қабілеттілігі пысықталады. Орташа есеппен Нұр-Сұлтан немесе Алматы қаласы туралы айтар болсақ,

айлық төлем шамамен 55 мың теңге болады. Тиісінше, бұл төлемді ай сайын жүргізіптұру үшін отбасының кірісіне қараймыз.

Яғни, күнкөріс минимумы мен отбасының несиесі бар ма, жоқ па — тексеріледі. Осының бәрі зерделенгеннен кейін жағдайы барын білсек — біз келісімшарт жасасамыз. Оның үстіне кепілгерлерді тарту мүмкіндіктерін де қарастырып отырғанымызды айттық. Демек, отбасының кірісі жетпей жатса, кепілгерлерді тартып, баспана ала алады», — деді ол.

Оның айтуынша, мұғалімдер мен дәрігерлерге жалға берілетін пәтерлер жаңа болады.

Айта кетек, келісімге ОҚК-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Орсариев, «ҚИК» ИҰ» АҚ Басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов қол қойды.