“Ойбай, уахаби екен…”. Ұлттық арнаға барған Мұхамеджан Тазабек өзін сынағандарға жауап берді

“Қазақстан” ұлттық арнасынан жаңадан ашылған Мұхамеджан Тазабектің бағдарламасы қоғам тарапынан сынға ұшыраған. Осы сынға бағдарлама авторы желідегі парақшасында жауап берді, деп хабарлайды zakon.kz.

Instagram парақшасында Мұхамеджан Тазабек “Talim trend” бағдарламасын ғайбаттау негізсіз деп жазды. Оның айтуынша, бұл бағдарламаның ешкімге зияны жоқ.

“Кейбір қаракөздеріміз дабыл қағып, “Мұхамеджан сөйлемесін, ТӘЛІМ ТРЕНД тоқтатылсын” деп даурығатындай кім не бүлдірді? “Жақсыда жаттық жоқ, жақсы сөз жан семіртеді, сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел” деп, ізгілікті қалаған ірілердің ұрпағы емес пе едік?! Айналамыздан ақсақал таппай, қарттардың ішінен қария шықпай қапа боп жүрген заманда, “ТӘЛІМ ТРЕНДТІҢ” алдын тосып, жолын кесетіндей ҚАЗАҚТЫҢ көңілі неден тарылды? Отбасыңмен отырып кино көре алмай, ұл-қызыңа ойлағаныңды бере алмай, инстаграмнан ютубқа, ютубтан тик-токқа түскен заманда, тағылым іздеген қазақтың “ТӘЛІМ ТРЕНД” тыңдағанынан қандай қасірет көріп тұрмыз?! Ақ ниетімді алдарыңызға ақтарып салып, уайымыңыз болса жеңілдетуге, қуанышыңыз болса көбейтуге үлес қоссам деп талпындым. Қамыққан қарындастың, көңілсіз келіннің, жабыққан жеңгейдің жанына жылу сыйласам деп желіге жүгіндім… Мен тәжірибеммен бөлісіп, тәлімімді айттым, сіздер жүрек жібітіп, жақындарыңызға жібердіңіздер… Сіздер ақ тілек айтып, жігер бердіңіздер, мен риза болғаннан қанаттанып, қал-қадірімше қызмет етуге қуат жұмсадым… Елдің тілегі есіктегіні төрге, ылдидағыны өрге шығарады. Сіздердің баталарыңызды алып, ризашылықтарыңызға бөленген “ТӘЛІМ ТРЕНД” жобамыз Ұлттық арнаның назарына түсіп, жаңа деңгейде, байтақ жұртқа ұсынылмақ екен. Онда тұрған не бар? Діни уағыз, шариғи насихат айтқалы жатқанымыз жоқ. Зайырлы қоғамға, дәстүрлі құндылықтарды паш етсек, әлемге кеңінен танымал консерваторлық көзқарас пен либералдық ұстанымдардың ықпалын талқылап, қызық деректерді келтірсек, кімге не зиян?! Ұлтқа керекті, ұрпаққа пайдалы, қоғамға маңызды мәселелерді көтерсек, тәлімді тұсын тарқатып, пайдалы жағын пайымдасақ одан кім ұтылмақ? “Өнбейтін дауды өспейтін ел ғана қуалайды”, дейді қазақ. “Ойбай, уахаби екен, арабтан ақша алады екен, билікке жағымпаз болғасын жолы ашық екен” деген жала мен долбарды естіп келе жатқаныма жиырма жыл болды. Күдіктілер ұсталып, кінәлілер сотталып, қаншама оқиға тарихқа сіңіп кетті”, делінген жазбада.

Айта кетсек, заңгер Айгүл Орынбек “Қазақстан” ұлттық арнасынан жаңа бағдарлама тізгінін ұстаған Мұхамеджан Тазабекке уағыз айту үшін білдей бір телеарна да аздық етті ме” деп сынаған еді.