Қайда сол жоба?.. Депутат ақшаны босқа шашқан Үкіметті сынады

ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен “Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға арналған үкімет сағатында депутат Мұхтар Ерман үкіметтен қыруар ақша бөлініп, бірақ қолданысқа берілмеген E-learning, яғни электрондық оқыту жүйесін еске алды, деп хабарлайды tazael.kz

– “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасын талқылау кезінде “Ақпараттық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кезіндегі проблемаларды есте ұстаған жөн. Есеп комитетінің мәліметінше, аталған бағдарламаның бірқатар іс-шаралары толық көлемде орындалмаған. Мәселен, Білім және ғылым министрлігі әзірлеген 35 миллиард теңгенің E-learning – электрондық оқыту жүйесі сол күйі іске қосылмады. Мемлекеттік органдар бұл бағдарламаға 217 млрд теңге бөлінді деп елге жар салды, ал іс жүзінде республикалық және жергілікті бюджеттерді, сондай-ақ ұйымдардың бөлген өз қаражатының бәрін есептегенде ол 371 млрд теңгені құраған, – деп еске алды ол өткенді.

Оның айтуынша, Цифрлық Қазақстанға республикалық бюджеттен 141 миллиард және квазимемлекеттік сектордан 169 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылған.

Айта кетсек, кезіндегі Білім министрі Ерлан Сағадиев электронды оқулықтарға мемлекеттен ақша бөлініп, ол жасалып жатқанын, оқушының “ауыр сөмке” мәселесін осылай шешкелі жатқандарын айтып еді.