Қайдағы референдум? Оғыз Доған Геннадий Шиповскихке шүйлікті

Депутаттың “қазақ тілін мемлекеттің жалғыз тілі етіп белгілеу үшін референдум өткізу керек”, деген пікірі қазақ тілінің белгілі жанашыры Оғыз Доғанға ұнамай қалды.

– Депутат Геннадий Шиповских мырзаны қатты құрметтеймін! Бірақ, ұлттық арнада қайта-қайта қайталап айтқан “Қазақстан көп ұлтты мемлекет. Сол үшін қазақ тілін мемлекеттің жалғыз тілі етіп белгілеу үшін референдум өткізіп, өзге ұлттардың пікірін сұрау керек” деген сөзімен мүлдем келіспеймін!

Біріншіден, Қазақстан – көп ұлтты мемлекет емес, қазақ ұлтының, қазақпен бірге сан түрлі ұлттар да тұратын өзінің жері!

Екіншіден, мысалға Франция, елде басқа ұлттар да бар деп “Мемлекеттің тілі француз тілі болсын ба, болмасын ба?” деп референдум өткізіп, өзге ұлттардан рұқсат сұрайды деп ойлайсыз ба?! Елестете де алмадыңыз, иә?!

Мен сізді орыс бола тұрып, қазақ ұлтының билігін мойындап, қазақтың тілін құрметтегеніңіз үшін, осылайша басқа да орыс азаматтарға үлгі болғаныңыз үшін сыйлаймын! Ақылды да иманды адам екеніңізге әлі де сенімдімін; өтінемін, шовинистерге мүмкіншілік беру қорқынышы бар осындай қате пікірден қайтыңыз, – деп жазды желіде Оғыз Доған.