Қазақстан “Бақытты халық” рейтингінде Гондурас пен Боливияның арасында

2018 жылы жер бетіндегі ең бақытты адамдар – Финляндия тұрғындары атанған. Бұл мәлімет әлем елдерінің бақыт деңгейі рейтингінде (World Happiness Report) келтірілген, деп хабарлайды Zakon.kz ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл – әлем елдеріндегі халықтың бақыттылығы деңгейін өлшейтін халықаралық зерттеу жобасы. Бақыттылар тұратын ТОП-5 елдерге Дания, Норвегия, Исландия және Нидерланды кіріпті. Жалпы, рейтинг әлемнің 156 елін қамтиды.

Шүкір, Қазақстан 60-шы орында екен. Жақын көршілеріміз – Гондурас (59-орын) және Боливия (61-орын).

Бірақ ЕАЭО елдері ішінде бізден да бақытсыз мемлекеттер бар: мысалы, Ресей 68-ші орында, Беларусь 81-ші орында, Қырғызстан – 86, Армения – 116 орын.

Ең бақытсыз адамдар – Оңтүстік Судан, Орталық Африка Республикасы және Ауғанстан тұрғындары.

Рейтинг құрау барысында жан басына шаққандағы ЖІӨ деңгейі, өмір сүру ұзақтығы, азаматтық бостандықтарының болуы, қауіпсіздік пен болашаққа деген сенімділік, отбасылық тұрақтылық, жұмыс қауіпсіздігі, сыбайлас жемқорлық деңгейі, сондай-ақ қайырымдылық, мейірім мен жомарттық сияқты қоғам жағдайының жанама көрсеткіштері есепке алынған. Оған қоса, зерттеудің басым бөлігі түрлі елдердегі тұрғындар арасында өздерін қаншалықты бақытты сезінетіні туралы сауалнама нәтижелеріне негізделеді.

ҚР Статистика комитеті жыл сайын тұрғындар арасында “Халықтың өмір сүру сапасы” анкетасымен сауалнама жүргізеді. Оның зерттеуіне сүйенсек, респонденттердің 60% өз өміріне көңілі толады. Бір қызығы, ауылдық жерлердің халқы (69,3%) қала тұрғындарына қарағанда (54,4%) өздерін бақыттырақ сезінеді. Сауалнамаға қатысқан қазақстандық еркектердің 61,8% өз өмірі мен тағдырына қағанаттанатынын айтса, әйелдердің 58,5% ғана бақыттымын деп айта алған екен.

Жас топтарына келсек, 15-17 жас аралығындағы жас қазақстандықтардың 68,2% өміріне риза. Ал 18-28 жас аралығында бұл көрсеткіш 65,8% құрады.