Қазақстанда 19 мың шетелдік еңбек етіп жатыр

Қазақстанда 19 мыңнан астам шетелдік еңбек етіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, 2020 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстан аумағында жергілікті атқарушы органдардан рұқсат алған 19 137 шетелдік азамат еңбек қызметін жүзеге асырады. «Олардың ішінде бірінші санат бойынша (басшылар және олардың орынбасарлары) 753 адам (4%), екінші санат бойынша (құрылымдық бөлімшелердің басшылары) – 4 364 (23%), үшінші санат бойынша (мамандар) – 9 613 (50%), төртінші санат бойынша (білікті жұмысшылар) – 1 749 (9%), маусымдық жұмыстарда – 926 (5%), корпоративтік ауыстыру шеңберінде 1 732 адам (9%) тартылды», делінген хабарламада. Шетелдіктерді тартқан жұмыс берушінің саны – 2 021, оларда 479 342 қазақстандық жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96%. «Шетелдіктердің басым бөлігі құрылыс саласында – 8 582 адам (45%) жұмыс істейді. Тау-кен өнеркәсібінде 2 228 адам (12%), өңдеу өнеркәсібінде – 1 586 (8%), кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте 1 397 шетелдік (7%) жұмыс істейді», делінген хабарламада. Еңбекші мигранттардың негізгі шығу елдері: Қытай – 5 266 адам (28%), Түркия – 1 935 (10%), Үндістан – 1 896 (10%), Ұлыбритания – 1 434 (8%), Өзбекстан – 965 (5%). Еске сала кетсек, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Үкіметі жыл сайын республикаға шетелдік мамандарды тарту квотасын белгілейді. 2020 жылға арналған квота жұмыс күшінің санына қатысты 0,32% немесе 29,3 мың бірлік мөлшерінде бекітілді. Айта кетерлігі, елімізде шетелдік жұмыскерлерді тартуға арналған квота 40 пайызға қысқартылған.