Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны артты

Қазақстанда коронавирус жұқтырған тағы екі адам анықталды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп мәлімдеді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Олардың бірі 1958 жылғы ер адам, ол Алматыда. Жеке кәсіпкер екен. 10 наурызда Мәскеуден Алматыға ұшып келген. Қазіргі таңда карантинде ем қабылдап жатыр.

Коронавирус, сондай-ақ, Нұр-Сұлтандағы әйелден табылды. Ол Варшавадан (Польша) ұшып келген.

Алматы мен Нұр-сұлтанда коронавирус жұқтырғадардың жалпы саны алтауға жетті.

Еске салайық, 13 наурызда Қазақстанда 1974 және 1984 жылғы адамдар коронавирус жұқтырғаны анықталды. Олар Германиядан 9 наурызда және 12 наурызда келген. Науқастар жұқпалы аурулар стационарына жатқызылды.

Үшінші науқас 12 наурызда Миланнан Нұр-Сұлтан қаласына келген. Лабораториялық анализ бойынша азаматтан коронавирустық инфекция анықталды.

Төртінші коронавирус жұқтырған науқас – Алматы қаласының 1976 жылғы тұрғыны. Ер адам 13 наурызда Германиядан ұшып келген.

Айта кетейік, бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин елімізге қауіпті дерт 11-16 наурыз аралығында келуі мүмкін деп болжам жасаған.