Қазақстанда өткізілетін барлық спорттық шараларға шектеу қойылды

Қазақстанда барлық бұқаралық спорттық шаралар тоқтатылды, деп хабарлайды zakon.kz.

Спорттық іс-шараларға салынған тыйым туралы ақпаратты Sputnik Қазақстан агенттігіне ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз хатшысы растады.

“Иә, бәрі дұрыс. Коронавирустың кесірінен барлық спорттық іс-шаралар тоқтатылды”, – деді баспасөз хатшысы Қазақстанда өтетін бұқаралық спорттық жарыстарға шектеу қойылғаны рас па деген сұраққа берген жауабында.

Бұл шектеу оқу-жаттығу жиындарына немесе халықаралық жарыстарға баратын ұлттық құрамаларға да қатысты. Уақытына тоқталсақ, бұл осы жылдың бірінші жарты жылдығына қатысты шаралар, – деп қосты агенттікке сұхбат беруші.

Қазір “Барыс” хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасының плей-офф кезеңінде бақ сынап жатыр. Команданың матчтарын кейінге шегеру немесе оны тоқтату туралы шешім әлі қабылданған жоқ.

“Барыс” хоккей клубына қатысты мәселе қазір қарастырылып жатыр. Хоккей клубтарына артықшылық беріліп, матчтар өткізіліп қалуы да мүмкін, – деді комитет өкілі.