Қазақстанда зейнетақы жүйесіне реформа жасау ұсынылды

Қазіргі зейнетақы жүйе қазақстандықтардың баспана мәселесін шеше алмайды. Мұндай пікір Стратегиялық бастамалар орталығында айтылды, деп хабарлайды Zakon.kz Хабар 24-ке сілтеме жасап.

Ел азаматтарының 70 проценттен астамының зейнетақы жинақ шотында жиналған ақша 1 миллион теңгеге жетер-жетпес. Бірақ бұл ақша ипотека алу үшін алғашқы төлем жасау үшін де жеткіліксіз. Отандық сарапшылар зейнетақы жүйесіне жаңа реформа жасауды ұсынуда, бұл қазақстандықтарға қарттығына ақша жинап қана қоймай, сонымен қатар баспана және басқа да әлеуметтік қажеттіліктеріне жинақ жасауға көмектеседі деп сендіреді.

Сарапшылар бұл жағдайдан шығудың бір жолын ғана көріп отыр. Ол – түбегейлі реформа жасау. Олар сингапурлық зейнетақы жүйесінің тәжірибесін алып, Орталық жинақтау қорын құруды ұсынады. Бұл біздің БЖЗҚ-ның баламасы іспетті. Сингапурда жұмысшы да, жұмыс беруші де қорға ай сайын аударым жасайды, содан кейін бұл ақша салымшының үш түрлі шотына бөлінеді: тұрақты, арнайы және медициналық. Тұрақты шоттағы ақша баспана сатып алуға, өзі немесе отбасы мүшелерінің оқу ақысын төлеуге қолдана алады.

Мүмкіндігі шектеулі болған жағдайда немесе салымшыға, мысалы, ауыр немесе емделмейтін дерт диагнозы қойылған жағдайда, мерзімінен бұрын ақша алу мүмкін болады. Арнайы шотта жинақталған қаражат “қол жетімсіз” зейнетақы резерві болады. Ал, медициналық шоттағы ақшаны салымшы денсаулығына жұмсай алады.

– Мұндай жүйені Қазақстанға бейімдеп, жасауға болады. Мұндай интеграцияланған тәсіл барлық тараптардың, соның ішінде мемлекеттің мүддесін де қанағаттандыра алады. Өйткені мұндайда көлеңкелі экономиканы заңдастыруға жағдай туады. Сол секілді жалақы төлеу қорына салынатын салық көлемі азайып,жұмыс берушілерді ынталандыра алады. Бұл жағдайда жұмысшылар өздерінің әлеуметтік және тағы басқа мәселелерін шешу үшін толыққанды құралға қол жеткізеді. Одан бөлек адамдар қарттығына да қаражат жинайды, – деді Стратегиялық бастамалар орталығының жоба директоры Бақытжан Саркеев.

20 қарашада Стратегиялық бастамалардың ІІ форумында сарапшылар мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдерінің бірлескен талқылауы өтеді.