Қазақстандықтардың жұмыс орнын шетелдік мигранттар тартып алуда

“Ақ жол” партиясынан депутат Берік Дүйсембинов мемлекеттік органдардың назарын жұмыссыздар жайлы статистикалық деректерге аударып, шетелден жұмыс күшін шақыру жөніндегі әлеуметтік есептерде елдегі нақты шетелдік мигранттар санын ескеруге шақырды, деп хабарлайды tazael.kz тілшісі.

– Еліміздегі еңбек ресурстарын бақылаудың тиімді әдістемесі әлі күнге дейін әзірленбеген. Үкімет миграциялық үрдістерді басқаратын нақты шаралар қабылдауы тиіс. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі келесі жылы шетелдік еңбек күшін тарту квотасын екі есеге қысқартатынын жариялады. Министрдің сөзінше, бұл шаралар елдегі ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында қабылдануда, – деді пленарлық отырыста депутат Берік Дүйсембинов.

Ресми деректер бойынша, Қазақстанда шетелден жұмыс күшін шақыратын 2 396 кәсіпорын тіркелген, алайда ресми статистика мен Қазақстанға келіп жатқан шетелдік жұмысшылардың нақты саны тым алшақ.

Мәселен, миграция қызметі комитетінің деректерінше, 2018 жылы Қазақстанға тек Өзбекстан мен Тәжікстаннан 551 мың еңбек мигранты келген. 2019 жылы бұл көрсеткіш 600 мыңнан асады деп болжанған.

– Алайда бұл еңбек мигранттарының саны еңбек министрлігінің шетелдік жұмыс күші квотасының есебінде жоқ. Сонымен қатар, қанша шетелдіктің шетелге қанша қаражат аударып жатқаны туралы да ешқандай ресми ақпарат жоқ. Ал шетелге кетіп жатқан қаражат миллиардтаған соманы құрап жатуы мүмкін. Бұл ақшаны Қазақстан азаматтарының жалақысы түрінде ел экономикасында қалдыруға болмас па еді, – деді Мәжіліс депутаты.

Оның сөзінше, елде ресми түрде жұмыссыз болып тіркелген азаматтар саны 440 мың адамнан асады. Бұл тек ресми дерек, іс жүзінде жұмыссыздар саны одан да көп.

– Өкілетті мемлекеттік орган еңбек нарығына жөнді назар аудармай отыр деп санаймын. Біздің 440 мың азаматымыз жұмыссыз жүргенде, олардың орнын мыңдаған шетел азаматы басып отыр. “Ақ жол” партиясы мемлекеттік органдарға шетелден жұмыс күшін шақыру жөніндегі әлеуметтік есептерде елдегі нақты шетелдік мигранттар санын ескеруді тапсыруға шақырады, – деді Дүйсембинов.

Сонымен бірге, шетелдік еңбек мигранттарының шетелге шығарып әкеткен қаражатының сомасы туралы шынайы ақпарат ұсынылуы тиіс.

– Бұл жалақыны қазақстандықтар алып, шетелге шығармай, ел экономикасына “құюы” тиіс еді. Біздің азаматтар жалқау, сондықтан шетелдік жұмысшыларды алуға мәжбүрміз деген уәжбен келіспеймін. Біздің елімізде еңбекқорлықтың мысалдары жетіп-артылады. Біздің ойымызша, бұл жағдайға ең алдымен жалақының төмендігі себеп, ал оның себебі “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының айтуынша, жалақыға салынатын салық, ол бүгінде шамамен 40%-ды құрайды. Бұл дегеніміз, кәсіпкерлердің өз жұмысшыларына төлейтін ақшасының жартысы түрлі салықтарға кетеді деген сөз. Шағын және орта бизнестегі жалақыға түсетін салықтық жүктемені, ынталандырудың басқа да түрлерін қайта қарастыруды сұраймыз, – деп аяқтады сөзін депутат.