Қос азаматтығы бар мемқызметшілерді жұмыстан босату туралы заң жобасы мақұлданды

Мәжілісте қос азаматтығы бар мемлекеттік қызметшілер мен квазисектор басшыларын жұмыстан шығару туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды zakon.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Айта кетсек, Мемлекет басшысы 2020 жылдың 1 қыркүйегінде “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауын жариялаған болатын. Осы Жолдаудағы міндеттерді орындау мақсатында “ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жекелеген ережелерін іске асыру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы әзірленген. Құжатты Мәжілісте бірінші оқылымда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова оқыды.

“Жалпыұлттық жоспардың 122-ші тармағы бойынша сыбайлас жемқорлық қылмысына жол берген адамдарға қатысты квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салуды енгізу және қос азаматтығы бар мемлекеттік қызметшілерді немесе квазимемлекеттік ұйымдардың басшыларын жұмыстан шығару қарастырылған. Мемлекет басшысы өз Жолдауында квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қатаң шараларды қабылдау қажеттігін айтты. Осыған байланысты Еңбек кодексіне және Мемлекеттік қызмет туралы келесі түзетулерді енгізу ұсынылады: біріншіден, квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлық үшін сотталған адамдардың жұмыс істеуіне өмір бойына тыйым салуды бекіту керек. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің және квазимемлекеттік мекеме басшыларында қос азаматтық анықталған жағдайда оларды жұмыстан босату керек”, – деді ол.