Қытай зауыттарына қатысты Үкімет басшысының орынбасары да түсінік берді

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек Қазақстанда Қытай зауыттары салынады деген сөзге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

“Мен бүгін индустрияландыру аясында жүзеге асыруды жоспарлап отырған қазақстан-қытайлық 55 бірлескен жоба туралы айта кетсем деймін”, – деді ол үкіметтегі баспасөз конференциясында.

Жеңіс Қасымбек сөз басында, мұның су жаңа жобалар екенін баса атап өтті.

– Бұл зауыттар, жаңа жобалар, ең алдымен, “лас” деп айтылып жатыр. Екіншіден, бұл Қазақстан Республикасының аумағына көшірілгелі жатқан ескі-құсқы жобалар көрінеді. Ресми түрде айта кетейін, Қазақстанға көшірілгелі жатқан немесе ескі-құсқы зауыт деген сөз жоқ. Бұл жобалардың барлығы су жаңа, – деп атап өтті Министрлер кабинеті басшысының орынбасары.

Ол өз сөзінің дәлелі ретінде бірнеше мысал да келтіре кетті.

– Мен әр жоба бойынша нақты мысал келтіре аламын. Мысалғы үшін жақында ғана Қапшағайда баламалы электр станциясы – күннен энергия алатын станция ашылды. Онда 30 адам жұмыс істейді, барлығы да қазақстандықтар, тың – жаңа өндіріс – бұл баламалы энергия көзі. Біз соған көшетін боламыз. Қазақстанда жыл соңына дейін жел мен күннен өндірілетін энергия қуаты 1000 мегаватты құрайтын болады. Бұл – жаһандық үрдіс, сондықтан біз одан бас тарта алмаймыз. Міне, осы секілді әрбір кәсіпорын бойынша толық ақпарат бере аламын, – деді ол.

Оның айтуынша, бұл ақпараттың барлығы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдарды дамыту министрлігінің ресми сайтында бар, сонда барлығы жарияланған.

– Бұл ақпараттар әлеуметтік желіде, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдарды дамыту министрлігінің сайтында тұр. Кем дегенде екі жыл бұрын жарияланған олар. Бұл арада жасырын дәнеме де жоқ. Тағы бір айта кететін жайт, бұл жаңа технологиялар, бір елден екінші елге көшірілгелі жатқан “лас” кәсіпорындар немесе ескі кәсіпорындар деген жоқ. Барлық кәсіпорындар жаңа. Жалпылай алғанда, біз осы кәсіпорындар аясында 20 мыңға дейін жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз, – деп сөзін түйіндеді Жеңіс Қасымбек.