Тоқаев: “Қазақстан” атауын өзгертудің қажеті жоқ

Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттардың “Қазақстан” атауын өзгерту туралы ұсынысына пікір білдірді. Сенат жиынының арасында журналистер сауалына жауап берген Тоқаев “Қазақстан Республикасы” деп атала беруі керек. Халықаралық келісімдердің көбіне Қазақстан Республикасының атынан қол қойылған. Мемлекет атауын өзгертудің еш мәні, себебі жоқ. Бізде басқа да мәселе жетеді” деді.

Бұған дейін парламент мәжілісінің депутаты Азат Перуашев Қазақстанды “Қазақ республикасы” деп атауды ұсынған. Депутат премьер-министрдің атына жолдаған хатында 2020 жылы “КСРО құрамында Қазақ Республикасының құрылғанына 100 жыл толатынын” айтқан. Оның сөзінше, Қазақ Республикасы келешектегі тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттілігінің негізі болған.

2014 жылы ақпанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Атырауда интеллектуалдық мектепке барып, қоғам өкілдерімен кездескенінде ел атауындағы “стан” сөзінен арылу керегін айтып, “Қазақстанды “Қазақ елі” деп өзгерту керек шығар” деген. Ол кезде бұл бастама әлеуметтік желілерде қызу талқыланған.