Тоқаев Қордайдағы қақтығыстың себебін атады

Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде 1 наурыз Алғыс айту күні Жамбыл облысының Қордай ауданына жұмыс сапарымен арнайы келгенін айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Президент тергеу жұмыстары заңға сәйкес жүргізілетінін, заң алдында бәрі тең екенін айтып, Қордайдағы жергілікті қызметкерлердің пара алу және шекара арқылы заңсыз сауда жасау мәселелерін шешуді тапсырды.

“Ауданда бір топ адам белсенді түрде контрабандамен айналысып жүрген. Бұл – белгілі нәрсе. Осы іске басқа топ та қатысқысы келген. Бір сөзбен айтсақ, заңсыз табыс көзі үшін екі қылмыстық топтың арасында текетірес пайда болған. Бұл текетірес салдарынан көп адам зардап шекті. 11 адам қаза тапты. Оны ашық айту керек. Енді құқық қорғау органдарының алдында тұрған мақсат – барлық қылмыскерлерді ұлтына қарамай, заңға сәйкес жазаға тарту. Онсыз елімізде тәртіп болмайды”, – деді Президент.

Сондай-ақ кездесуде Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов, Жамбыл облысының “Құрметті азаматы” Төле Сүгірбай сөз сөйлеп, аудандағы әлеуметтік және басқа да мәселелерді шешу жөнінде өз ойларын ортаға салды.

“Ұлтаралық татулық – біздің ең басты құндылығымыз. Сондықтан оған сызат түсірмеуіміз керек”, – деп Қасым-Жомарт Тоқаев жиынды қорытындылады.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Қаракемер ауылының спорт кешеніне барып, жас спортшылардың жаттығу барысын көрді. Болашақ спортшыларға табыс тілеп, оларға қажетті доптар мен бокс қолғаптарын сыйға тартты.